Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Қазақ даласы тарихи карталарда: кеңістік пен аумақ құрылымдары» атты көрме өтті.
Көрмеге XVI ғасыр мен 1939 жыл аралығында еуропалық, америкалық, ресейлік картографтар сызбасын салған тарихи 26 карта қойылған. Бұл карталар Ерлан Қариннің жеке коллекциясынан ұсынылып отыр. Онда қазіргі Қазақстан Республикасының құрамына кіретін аймақтар көрсетіліп, бекітілген.
Еуропалықтар Ұлы даланы көбене «Тартария» деп атағанын тарихи жазба деректерден білеміз. Орта ғасырлық танымал саяхатшылар Марко Поло да, Плано Карпини де, Гильом де Рубрук те өз жазбаларында Орталық Азиядағы көшпелілерді сипаттау үшін дәл осы сөзді қолданған.
«Мен сізге айтайын, олар бие сүтін ақ шарап тәрізді ішеді, шемиус (қымыз) деп атайды және өте дәмді. Қарулары садақ, семсер және шоқпар, садақ тартудың шебері болғандықтан оны жиі қолданады. Өзгелерге қарағанда кезбе келеді, қажет болса айлық жолға ешбір азықсыз шыға береді, өзі бие сүтімен, аң етімен қоректенсе, аты жолдағы шөппен отығады. Қажет болса, қару-жарағымен түнді ат үстінде өткізуге бар. Қиындық пен мұқтаждықта кімнен болса төзімді», - деп жазады - Итальяндық жиһанкез Марко Поло.
Карталарда «Скифия», «Тұран» атаулары да кездесіп қалады. Әлбетте, қолда бар бұл карталардың бас бөлігінің уақыты Түрік қағандығы, тіпті кейінгі Моңғол империясының әлсіреп, ыдырап, Ресейдің әлдеқайда күшейіп, қуаттанған кезіне сәйкес келеді. Дегенмен, атағынан ат үркетін Ұлы даланың империялық атаулары еуропалықтардың жадынан оңайлықпен өше қоймағанын аңғарамыз. Ертеректегі карталарда «Тартария» атауы Еуразия кеңістігінде тұтасына жайылып түсіп, соның ішіндегі шағын аумақ алып тұрған Мәскеу, Киев княздіктерін ғана байқаймыз. Бұл – тарихи факт. Ол кездердегі Қытай да қазіргідей аса ауқымды емес. Тибеттер мен Таңғұттар өздерінше жеке дара алып террорияға ие болып отырғанын картадан-ақ көреміз.
Ғұндардың алғашқы астанасы Ордос аймағы болғанын, көшпелілер мен отырықшы қытайлардың екі ортасын Сары өзен (Хуанхэ) бөліп тұрғанын бүгінде көп жұрт біле бермейді. Ортағасырлық қытай тарихшысы Сыма Цянь ғұндардың ең қасиетті тауы – Инь-шань тауы болғанын, кейін ғұндар ол жерлерден айрылған соң қасынан өтіп бара жатып қимастықпен ағыл-тегіл көздің жасына ерік беретіндігі туралы жазады. Бұл тауды моңғолдар «Мөнх» дейді, яғни ол сөзді қазақшаласақ, «Мәңгі», «Мәңгілік тау» дейді. Бәлкім, ежелде де бұл тау осы атаумен аталған болар.
Алғашқы көк түріктердің, бірінші Түрік қағандығының астанасы да осы Ордос мекені еді. Ордостың оңтүстік жағында Ұлы қытай қорғаны салынған. Екінші Түрік қағандығының астанасы Орхон өзенінің бойына қарай ауысады. Ол қазіргі Моңғолия террориясында орналасқан.
Біз осы карталарды хронологиялық ретімен қарап отырып, мемлекеттер қалай өсіп дамитындығы, керісінше, кері кетіп құлдырайтындығы туралы ой қалыптастырамыз. Алып, қуатты мемлекеттер шағын, әлсіз елдерді оп-оңай жұтып қоятындығына әртүрлі тарихи деректер негізінде (ішінде картография саласы да бар) куә боламыз.
Картография ғылымын жас ұрпақтың бойына жақсылап тұрып сіңіру керек екен. Бұл ғылым саласын терең түсінген жас толқын сөзсіз патриоттық сезімді бойларына сіңіреді. Жастар осы саланы жақсылап жадына тоқыған сайын өз мемлекетіне, елі мен жеріне, оның ұлтарақтай болса да террориясына зор жауапкершілікті түсіне түседі.
Қазақстанның барлық бүгінгі аумағы картаграфия тарихында алғаш рет әл-Идрисидің «Суарт ал-ард» – Жер суретінде (XII ғ.) берілген еді. Ортағасырлардағы еуропалық авторлар Қазақ хандығын тарихи-мәдени қауымдастықтағы дербес субьект ретінде таңбалаған алғашқы ғалымдар еді.
Орентализм дәуірінің алдындағы кезеңдердің дәстүрлерінде ерте ортағасырлар карталарында қазақ тайпаларының орналасуы және «Қазақ даласы» (басқа атаулары: «Қазақтың ордасы» немесе «Қазақ ордасы», «Қазақия» немесе «Хассакия») деген атау алған Азияның түкпіріндегі кеңістіктің құрылымдауы туралы жалпылама, жартылай аңыз мәліметтер беріледі. Кейіннен Қазақ хандығының негізіне айналған тайпалар мен рулардың қоныстанған аймақтарының картографиялық тұрақты сәйкестендірілуі жүзеге асады.
Көрмеге қойылған карталарды хронологиялық тұрғыдан қарастырсақ, орта ғасырдан бастап 1939 жылға дейін карталардың арасында Қазақ елінің мемлекеттік аумақтық сабақтастығы қолмен қойғандай айқын дәлелденеді. Қазақ елі өз ата-бабаларының байырғы мекенінде ғасырлар бойы тұрып, оны қасық қаны қалғанша қорғап келе жатқаны баршамызға белгілі. Ал бұл карталар соны тайға таңба басқандай дәлелдеп тұр.
Бізге мұқият сақталып, жақсы күйде жеткен тарихи карталар қазақ мемлекеттігінің ғасырлар бойы тұрақтылығын айғақтап береді. Біздің ата-бабаларымыз Қазақ хандығы пайда болған кезеңнен бастап ғалымдардың, географтар мен тарихшылардың назарын өзіне аударып, әлем карталары мен атластарынан өз орындарын ала отырып, еуразиялық тарих сахнасында өздерін айқын көрсете білді.
Көрме қазақстандық мәдени-ақпараттық кеңістікке география, қазақ тайпаларының қоныстануы, Қазақстанның тарихи аумағындағы мемлекеттік құрылымдардың шекаралары туралы, ұлттық мемлекеттіктің тарихы мен сабақтастығы туралы ғылыми деректерді ұсынады. Карталар тарихи ақпарат көзі ретінде ғана емес, баға жетпес өнер туындысы ретінде де бағалауға болады.
Кейбір карталарға мұқият зер салсаңыз, түрлі сипаттамалардан бөлік халықтардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін көрсететін суреттер де қоса салынған. Қыз қуу, көсем бастаған көш-керуен, мал шаруашылығы тәрізді көшпелілерге тән ерекшеліктерді қаламына арқау еткен карта авторы да бар.
Атаулы көрменің негізгі мақсаты – Қазақстан және Орталық Азия тарихынан сыр шертетін баға жетпес карталарды мәдени айналымға енгізу, жалпы жұртшылыққа танымал ету.
Айта кету керек, Ұлттық музейге келушілер алдағы бір ай бойы тарихи карталармен танысып, қазақ елінің мемлекеттігінің тарихымен танысуға мүмкіндік алады.
Арман СЕРІКҰЛЫ,
«Адырна» ҰЭБ ҚҚ президенті,
Шығыстану институтының PhD докторанты
"Адырна" ұлттық порталы