"Хайп королі" көрінбейді" - Нұржан Әлтаев неге бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалды?

2500
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бірнеше жыл бұрын айғай-шумен мәжілістен кеткен Нұржан Әлтаев, ат баспаймын деген жерін үш басар дегендей, тағы да Парламенттің төменгі палатасына  қарай ат басын бұрды. Алайда, өткен жылы президенттікке үміткер болған кезінде сайлаушылардың қолын өтірік қойғаны анықталып, масқара болған ол бұл жолы көпшіліктің назарын өзіне аудармай-ақ, тірлігін жасай бермек.

Дәл қазір үгіт-насихат жұмыстары қызып жатқанына қарамастан, Түркістан облысының атынан депутаттық мандат үшін күреске шыққан Нұржан Әлтаевтың үні мүлдем естілмейді. Әлеуметтік желідегі парақшаларына  үгіт-насихат парағын және сайлаушыларымен бірнеше кездеуінен есеп  жариялаған – бұл әрине күллі ақпараттық кеңістіктің назарын аударарлық нәрселер емес. Бұрын атың шықпаса жер өртенің керін келтіріп, «хайп королі» атанған кейіпкеріміз көлеңкені тасалап, ақпараттық күн тәртібінен біржола түсіп қалған тәрізді.

Нұржан Әлтаевтың бүгінгі іс-әрекетіне қарасақ, біресе көлеңкелі үкімет жасақтауды, біресе ресейлік «басқыншымен» қарым-қатынасты түбегейлі үзуді ұсынып, бірдеңе бола қалса халықты көшеге шығарамын деп уәде берген жігіттің тып-тыныш отырғаны қызық көрінеді екен. Екі жарым жыл бойы езуі көпіріп саясат жайлы айтқан ол партиядағы жылы орнынан суырып алып, оппозиция майданына тастап жібергенде, хайп арқылы күн көруге болғанмен, саяси карьера жасау мүмкін еместігіне көз жеткізген сыңайлы. Енді қазір бір кездері Nur Otan-ның адамы болуына көмектескен тәсілді қайта қолданып отыр деп болжауға болады.  Бірақ, бұл жолы кеш қалған жоқ па? Әлтаев еліміздің бас партиясынан кеткелі бері саяси кеңістікте тек өзін тұншықтырумен айналысты. Және бұл бастамасы жеміссіз болған жоқ.

Шатақ мінезі мен сараңдығына қарамастан (бұған оның отбасылық өмірінің көпшілікке мәлім болған құпиялары куә), өз бетінше бағыт алған Әлтаевтың жолы болып, дені дұрыс серіктестер де табылып, солардың көмегімен El Tiregi атты партияның атынан саяси аренаға шықты. Жаңа саяси бірлестіктің іргетасы мықты қаланғандықтан, Әлтаев әп сәтте әжептеуір саяси ойыншыға айналып шыға келді. Дегенмен, бастапқы жоспарынан айныған ол өзіне ұсынылған бағыт бойынша әрекет ете берудің орнына хайп жасап, өзін саясаттың жаңа жұлдызы ретінде көрсеткісі келді, бұл бұрынғы аймақтық деңгейдегі шенеунік, екі ведомствоның вице-министріне жараспайтын қылық еді. Бірақ Әлтаев осы тұста өзінің мүлт кеткенін байқамай қалды, әдетте сан жылдар бойы биліктің маңайында жүрген жандар, тумысынан сезімтал болмаса да, көңіл-күй ауанының өзгергенін бірден байқаушы еді.

Realpolitiks заңдылығына бағынбай, шоу жанрында жұмыс істегісі келген ол кері нәтижеге қол жеткізді. Әлтаевтың сахналық образы оның атын шығарғанмен, нағыз жақтастарының көп емес екені өз партиясын тіркеуге ұмтылған алғашқы қадамынан-ақ белгілі болды. Ұйымдастыру комитеті қажетті қолды сол күйі жинай алмады. Ақыры алдауға тура келді. Ұрлығы ашылған соң тәуекелге бел буып, «билік маған қысым жасады» деуден басқа амалы қалмады. Әлтаев серіктестерімен бірге бірнеше рет қол ұрлау дерегімен ұсталды, бұл оның саяси қоржынына олжа салмайтын әрекет. Керісінше, оны саяси дүбәралар деңгейіне түсіріп тастады.

Былтыр күзде президент сайлауы өтпегенде, Әлтаев балауыз мүсіндер мұражайының бір кейіпкері боп қала берер ме еді? Әлбетте, оның осы процеске қатысуының өзі не тұрады, жеңімпаз болу түсіне де кіріп-шықпас еді, алайда бұл жолы да ол саяси карьерасына өз қолымен балта шапты.

Қоғамдық бірлестікпен өз кандидатурасын президенттікке ұсыну жөнінде келісе алмады ма, әлде ақша үнемдегісі келді ме, әйтеуір ол көп ойланып жатпастан партия мүшелерінің қолын қойып, сол жасанды құжатты жалаулатып ОСК-ға алып барады. Әрине, бұл алаяқтығы әшкере болып, өзі саяси  нон-гратаға айналды.

Біраз уақыт Нұржан Әлтаев оппозиционерлердің ішіндегі ең бір әккі оппозиционер рөлін алғысы келіп, нашар ойынға кірісті, бірақ онысынан да түк шықпады.  Қайта-қайта сәтсіздікке ұшырай берген соң, биліктегі бұрынғы әріптестері үшін де, оппозициядағы бүгінгі серіктестері үшін де жағымсыз тұлғаға - кәдімгі саяси тірі өлікке айналды.

Нұржан Әлтаев әлі де саясаттағы жарқын болашағынан үміт үзбей, қиял жетегінде жүрсе де (депутаттық креслодан дәмелі болуы осыны аңғартады), оның дәурені өткені анық. Мәжіліске қайта келу мүмкіндігі нөл пайыз. Мәселе оның жеке саясаткер ретінде жіберген қателіктерінде ғана емес.

Сайлаушылар Нұржан Әлтаевтың билеуші партияның арқасында парламентте отырған кезінде немен айналысқанын әлі ұмыта қойған жоқ. Ол Қазақстан агроөндіріс кешенінің ірі ойыншыларының мүддесін қорғап, олар үшін заңға жеңілдіктер енгізілуін талап етті, мұнысы кей тұста ұлттық мүддеге қайшы келіп жатты. Қазіргі уақытта Әлтаевтың өзі сол депутаттыққа ұсынылып жатқан Түркістан облысында агробизнеспен айналысады. Жеңіске жеткен жағдайда мандатын қалай пайдаланатыны сайлаушыларға айтпаса да түсінікті шығар. Оның үстіне, былтыр ғана депутаттыққа үміткердің күдікті іскерлік байланыстары туралы сыбыс шығып еді. БАҚ-та оның «El Tiregi-нің заңгері Нұрсұлтан Ермахановпен және Нармұхан Сарыбаевпен бірлесе отырып, «International KazTrade Co» ЖШС-ін құрғаны» жарияланды. Бұл компания ауыл шаруашылығы саласына маманданған, оның қызметі "Ауыл шаруашылығы шикізатын, тірі жануарларды, тоқыма шикізатын және жартылай фабрикаттарды көтерме сату агенттерінің қызметі" ретінде көрсетілген.

Айтпақшы, Әлтаевтың бизнес-серіктесінің аты-жөні "ҚазАгро" холдингінің "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ бұрынғы басқарма төрағасы Сарыбаев Нармұхан Қалмаханұлының жеке бас дерегімен толық сәйкес келеді. 2021 жылдың қаңтарында ол жалпы соммасы 6 миллион теңге көлемінде бірнеше рет пара алғаны үшін жеті жылға сотталған. Содан кейін 2021 жылғы ақпанда Астана қалалық соты Сарыбаевтың апелляциясын қарап, істі 361-баптың 1-бөліміне ("лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану") өзгерткен. Үкім: қоныс-колонияда екі жыл".

Осымен, басқа алып-қосарымыз жоқ.

Нұрзат СЕЙСЕМБЕКҰЛЫ

(Автордың пікірі редакция көзқарасын білдірмейді)

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер