Жүк әлі орнында тұр…

2343
Adyrna.kz Telegram

Жақында отандық режиссер Айсұлтан Сейітовтың алғашқы толықметражды туындысы «Қаш» фильмінің көрсетілімінде болдым. Фильмге артылған сенім, күтілген үміт үлкен болғанымен, туынды алғашқы сәттен-ақ біз көріп үйренген фильмдерден басқаша рең ала бастады. Заманауи арт-хаус жанры және ондағы солғын бейнелер, шұбаланыңқы сюджет, түсініксіз оқиғалар көп көрерменнің көңілінен шықпағаны байқалды. Менің де санамда фильм тым көп сұрау қалдырған. Солардың бірі “Бұл фильм шынында не туралы?”-деген сұрақ еді. Көрермен ретінде мен оқиғаның ашаршылық, ұжымдастыру кезеңдеріне сәйкес келгенімен, негізгі ойдың басқа бір тақырыпты меңзеп тұрғанын сезіндім. Қызығы, осы сұрақтардың бәрінің жауабы фильмнің ең соңғы сахнасында жатқан еді. Санамды сарылтып отырған сұрақтардың жауабын тапқан мен тағы да нөпір ойды арқалап үйге аяңдадым. Көз алдымда сол бір шешуші сахна қалып қойды. Ашаршылық азабынанан, қуғыннан, өлімнен “қашып” құтылған басты кейіпкер Әлім есімді балақай интернатта кириллицадағы “Қазақ АКСР-нің жаңа әліппесімен” сауат ашады. Сахна көзіқарақты  адамды өзгеше бір ойға жетелеуі хақ. Автор бұл бейнемен бала кейпіндегі қазақ жұртының тағдырына отарлау саясатының терең енуін көрсеткісі келгендей. 

      Еліміз тәуелсіздік алған сәттен-ақ кириллицадан бас тартып, өз тілдік ерекшелігіне негізделген әліппесін құруды арман етіп, ауық-ауық ақылға салып келген. 2017 жылы ҚР Президенті "Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы" жарлыққа қол қойған кезде көпшіліктің көңілі тасып, мерейі асып, бір марқайып қалған еді. Халық шешімді тарихи сәт деп жоғары бағалаған соң, артынша көп кідірмей нақты қадамдар да жасала бастаған. Мәселен, сол жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, 2025 жылға дейін қазақ тілі әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру жоспарланған. Ол үшін әдістемелік, орфографиялық, сараптамалық-техникалық және терминжасам жөнінде арнайы 4 жұмыс тобы жұмылдырылып, қызу іске кіріскен-ді. Бірақ ең алдымен, қазақ тіліндегі дыбысталуы ерекше әріптерді қамтыған жаңа латын әліпбиін жасап шығару керек болды. Комиссияның мұндай әріптерді диграфтармен, яғни қосарлы әріптермен таңбалау туралы шешімін көпшілік қатал сынға алып, “Бір дыбысты екі әріппен таңбалау тілімізді қиындата түседі, сөйтіп халық жаппай сауатсыздыққа ұшырайды”-деп дабыл қақса,  БАҚ өкілдері де мұндай шешім экономикалық тұрғыда тиімсіз, латынша оқудың, түсінудің қиын болуынан ақпаратты екі әліпби нұсқасында да таратуға мәжбүр болып, шығындар екі есе артатынын айтып үн қосқан. Комиссия халық пікіріне құлақ асып, 2017 жылы қарашаның 11-і қазақ тіліне тән әріптерді дәйекше арқылы таңбалайтын апострофты әліпби жобасын таныстарған. Ақпарат және коммуникация министрі Д.Абаев бұл кезекті әліпби нұсқасын түпкілікті деп жариялаған еді. Дегенмен, мұның да кемшіл тұстары табылып-ақ жатты. Қөзіқарақтылар бұл нұсқаны “балақтағы үтір басқа шықты”-деп ащы мысқылға салып, “Дәйекше бізге қаріп емес, белгі болып көрінгенімен, бәрібір де диграфтар сияқты бір әріптің орнын алады да, толық мәтінге келгенде апострофтан көз сүрініп, әріптер арасы алшақтап көрінеді. Сонымен қоса, мұның жазуға қолайсыздығынан әлеуметтік желіде дәйекшесіз қолданылып, салдары тілдің бұзылуына алып келеді”-десті. Бұдан кейін  Қазақстан президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы жарлығымен қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы бекітілді. Онда әрі дәйектемей, әрі қосақтамай, диакритикалық таңбалар қолданылатын болған. Бірақ мұндағы бір ерекшелік “Ш”, “Ч” әріптерін таңбалауда Sh, Ch диграфтарын қолдануы еді. Оның қайшылықты тұстарын жазушы Қазыбек Иса «Фейзбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында былайша көрсеткен: “...“Асхана”, “Асхат” сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой… Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең “Ishaq” деп жазса, оны ел қалай оқып, қалай атайтынына аузым бармай отыр. Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін.” 

      2021 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан үкіметі латын әліпбиінің кезекті нұсқасын ұсынды. Мұнда жоғарыдағы кемшіліктердің дені ескерілген. Көпшілік те мұны алдыңғы нұсқалардан едәуір жақсы деп бағалаған. Дей тұрғанмен, бұл әліппе де “соңғы нұсқаға” жарамайтын көрінеді. Әліппеде қазақ тіліндегі ерекше дыбыстарының бірі і әрпін түріктің ı (ы) әрпімен алмастыру ұсынылыпты. Шикілігі сол, үлкен әріпке келгенде “і” мен “и” таңбаларының парқы жоғалып, бір кейіпке енеді. Ондай олқылық тіл тағдырына нұқсан келтіріп, ана тіліміздің айшығын түгелдей ұлт санасынан өшіріп жіберуі мүмкін. Осындай “әмбебап әріп” жасаймыз деп “Қ”-сынан айырылған түрік елінің өрескел қателігін де тілші ғалымдар тәмсіл етіп отыр. Бұл өз кезегінде Түркияның латын әліпбиіне ауысу үдерісін тым асығыс, революциялы жолмен бастан кешіргенінен болған. Латын әліпбиіне өту кезеңі Түрік елінде бар-жоғы 1 жылға ғана созылған екен. 1928 жылдың 1-қарашасында М.К.Ататүрік «Жаңа түрік әріптерінің қабылдануы мен қолдануы туралы» заң шығарған болса, 1929 жылдан бастап-ақ мемлекеттік мекемелердің араб графикасын қолдануына шектеу қойыла бастаған. Соның салдарынан түрік тілінің дыбыстық қорындағы негізгі әріптер әліпбиден өз орнын таппады. Осыған ұқсас жағдай Түркменстанда да орын алған. Сол кезде мемлекетті басқарған Сапармұрат Ниязов 1993 жылы 12 сәуірде «Жаңа түрікмен латын әліпбиін» ресми түрде бекіткен жарлығын жариялағанымен, 1993 жылғы 30 әріптен тұратын түпнұсқа алфавитте түрікмен тілінің бірнеше дыбыстары жетіспегендіктен, 1996 жылы түзетулер енгізуге мәжбүр болған. Сол себепті де латынға ауысу толымсыз әрі баяу іске асқан еді. Осы тұста бізге ескеру керек болған маңызды жайт әліппе нұсқасын таңдауда барынша қоғамдық келісімді негізге алу. Себебі сыңаржақтылық ел арасына жік түсіруі мүмкін. 

      “Көптің аузы темір талқы”-демекші жаңа әліпби құру ісіне ғалымдар, комиссия мүшелерімен бірге қарапайым халық та өзінің сын-пікірін білдіріп, ұсынысын айтып отырғаны орынды. Өйткені тіл күллі халықтың мүлкі де, оның игілігі жалпыға ортақ. Қазірге дейін латын графикасының халық арасынан ерікті түрде ұсынылған бірнеше нұсқасы бар. Олар стандартты латынның 26 әрпімен берілген BaiLatyn нұсқасы, Qazaqparat ұсынған 36 әріпті диакритикалық нұсқа және Kazak Grammar-дың 26 әріптен тұратын универсалды әліппесі. Алайда Тіл білімі институтының 2021 жылы сәуірде жариялаған «Бір дыбыс – бір әріп» ұстанымына негізделген “соңғы нұсқасы” бұлардың ешқайсысымен қабыспайды. Сөйте тұра, латын қарпімен шығатын алғашқы газет Til-Qazyna мен «Qazlatyn.kz» ұлттық порталындағы конверторлар әлі де 2018 жылғы нұсқа бойынша жұмыс жасайды. Осы себепті алғашында латынға көшу бастамасын қос қолдап тұрып жақтаған халық қазір қалай жазарын, кімге сенерін білмей дал болып жүр. Қоғамдық қызметтердің (polisia, onay), қала, облыс атауларының (Atyraý, Kókshetaý, Shymkent), тіпті халықаралық құжаттардың өзін (егер Қ-Q болса, KZ ISO коды QZ болып өзгеруі қажет болады) не дұрыс деп ақтап ала алмай, не бұрыс қылып жоққа шығара алмай дүдәмал күйде қалдық. Пікір алуандығы шешімді түрлендіре түсері анық, бірақ нақты тоқтамға келмей, маңызды істі “сиырқұймұшақтата” беру жағдайды тіпті күрделендіретін сияқты. Түбі  жасар қолдан айтар ауыз көп болып жүргенде халіміз “Аққу, шортан һәм шаянның” қиссасына ұқсап кетпесін.      

       Жарайды, әліппе жасауын жасаймыз-ау, бірақ шаруа мұнымен аяқтала ма? Оның артында да тілімізде бұрыннан даулы болып келген орфография, терминология сияқты мәселелер жатыр емес пе? Жаңа әліппе құрамыз дегеннен-ақ тілші ғалымдар тілімізге енген біршама олқылықтарды орнына келтірудің лайықты сәті осы дескен еді. Бірақ сол ұлы істің де кіріспесі “әлаулайым таусылса, хәлаулайым тағы барға” басып отырған жайы бар. Ең бастысы осынау тарихымыз таңбаланар маңызды іске келгенде енжарлық танытпасақ екен деймін. Себебі әліпби тек тіл тағдырына ғана емес, түгел бір ұлттың дін-тамырына, тін-сауырына әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің, Журналистика факультетінің 2-курс студенті Қосқанат Бауыржан

Пікірлер