Маңғыстаулықтар террорлық шабуыл кезінде қаза тапқан курсантпен қоштасты

5708
Adyrna.kz Telegram

Алматыда террорлық шабуыл кезінде қаза тапқан ҰҚК Шекара академиясының курсанты Бітім Мейірханмен қоштасуға арналған қаралы митинг өтті, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Аза тұту рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі, мемлекеттік орган өкілдері, мәслихат депутаттары, өңірлік шекара қызметінің жеке құрамы, курсанттың ата-анасы мен туыстары, мұғалімдер мен қала тұрғындары қатысты.

Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев бұл қазаның Бітім әулетінің ғана емес, барша қазақтың ортақ қайғысы екенін атап өтті.

Мейірхан Ержанұлы небәрі 19 жасында Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Мейірхан бауырымыздың ерлігінің алдында басымызды иеміз. Оның қайсарлығы көпке үлгі-өнеге болары сөзсіз,-деді Нұрлан Ноғаев.

Мемлекет мүддесін қорғауда көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Президент Жарлығымен Мейірхан Бітім қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталды. Аза тұту рәсімі барысында бір минут үнсіздік жарияланып, ауаға үш рет оқ атылды.

Бұл дүрбелеңде өрімдей жастардың қаза болғаны жанымызға қатты батты. Еліне қызмет етуді армандаған немерем Мейірхан антына адал болды. Ержүрек балам бетпе-бет келген ажалдан қаймыққан жоқ. Мұндай жағдайдың енді ешқашан қайталанбағанын тілеймін. Халқымыздың ауызбіршілігі артып, балаларымыз бейбіт күнде өмір сүрсін. Жаратқан Тәуелсіздігімізді мәңгі етсін,- деді марқұмның атасы Бітім Кезбаев.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер