Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда тау-кен секторы қалай дамыды?

6853
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанның басты байлықтарының бірі – пайдалы қазбалар. Әлемнің жетекші елдері ғалымдарының бағалауы бойынша Қазақстан табиғи ресурстар қоры бойынша әлемде алтыншы орын алады. Оның ішінде вольфрам қоры бойынша 1-орын, хром кені– 2-орын, қорғасын және мырыш – 5-орын, мыс – 12-орын, алтын бойынша 15-орын. Қазақстандағы негізгі пайдалы қазбалар қорларының жалпы құны 3 трлн АҚШ долларын құрады, ал олардың алынатын құны 2 трлн АҚШ долларынан асады.

Қазақстанда нарықтық экономикаға көшкеннен кейін бастапқыда экономикалық құлдырау байқалды, кейіннен ол елеулі өсіммен алмастырылды. Нақты ЖІӨ тұрақты бағада іс жүзінде орнықты. Бұл кезең өндіруші сектордың, атап айтқанда мұнай және тау-кен өнеркәсібінің өсіп келе жатқан табыстарына байланысты. Бүгінде өндіруші сектор Қазақстан жалпы ішкі өнімінің 30% - ға жуығын қамтамасыз етеді. Минералдық отынға экспорттық түсімдердің шамамен 60% -ы, ал қатты пайдалы қазбалар мен металдарға 22% -ы тиесілі.

Қазақстан Республикасының егемендікке ие болуымен, сондай-ақ нарықтық қатынастардың қалыптасуымен минералдық-шикізат кешенінің әлеуетін пайдаланудың түбегейлі жаңа саясатын әзірлеу қажеттілігі туындады. Бұл кезең белсенді заң шығару процесімен сипатталады. Осылайша, жер қойнауын пайдалану саласындағы қатынастарды реттеуге бағытталған бірқатар маңызды заңнамалық актілер қабылданды. 1992 жылы «Жер қойнауы және минералды ресурстарды кешенді өңдеу туралы» Кодекс, 1994 жылы «Инвестициялар туралы» Заң, 1995 жылы «Мұнай туралы» Заң, 1996 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Жарлық, 2010 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заң қабылданды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда тау-кен секторында шамамен 189,2 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция (96,5 млрд доллар тау-кен өнеркәсібіне, 92,7 млрд доллар геологиялық барлауға) тартылды. Қатты пайдалы қазбалар бойынша жер қойнауын пайдалануға инвестициялар жыл сайын 2 трлн теңге құрайды, оның ішінде ҒЗТКЖ 24 млрд-тан астам, әлеуметтік салаға 10 млрд-тан астам, қазақстандық кадрларды оқытуға 4,4 млрд теңгеден астам.

 

Пікірлер