Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме: Дамудың жаңа парадигмасы

784
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап - 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.

Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген.

Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады.«ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды.

Дамудың жаңа парадигмасы Мәулен ӘШІМБАЕВ ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы, мемлекет қайраткері

Тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Кеңес Одағы кеңістігінде болған күрделі әрі жүйелі дағдарыстың бәрі де біртіндеп Қазақстанға мұраға қалды. Барлық шешілмеген проблемалар – тиімсіз командалық-әкімшілік экономика, күйреген әлеуметтік сала, түбі бос қазына, инфляция және басқалары – КСРО ыдырағаннан кейін құрылған тәуелсіз мемлекеттерге біртіндеп өтті. Осы ауқымды геосаяси ығысудың нәтижесінде посткеңестік республикалар арасындағы барлық шаруашылық байланыстар күрт жойылды. Мысалы, Қазақстанның өнеркәсібіндегі алпауыттар шығаратын өнімдердің шамамен 90%-ы одақтық нарыққа бағдарланған және керісінше солардан жеткізілетін шикізаттарға тәуелді болған-тын. 1990-шы жылдардың басында Қазақстанның ең ірі 130 кәсіпорнының жұмысында іркілістер басталды, кейбірі жұмысын тоқтатты, қайсібірі өндіріс көлемін күрт қысқартты.

Индустрияның 100 мыңнан астам адам – индустрияның жоғары білікті мамандары – жұмыссыз қалды. 1991-1992 жылдары өнеркәсіптің күрт құлдырауы салдарынан инфляция 1000 пайызға дейін жетті. Бұл күн сайын бағалар айтарлықтай өсіп бара жатқан, ал жалақы мен зейнетақыны төлеу қайта-қайта кешіктірілетін кезең болды.

 

Пікірлер