Моңғолия Президенті әкімшілігінің бастамасымен қазақ халқының дәстүрлі Наурыз мейрамына орай наурыз айының 20-22 күндері Баян-Өлгей аймағында «Алтайдың үш биігі - Ақыт, Бааст, Ақтан» атты айтыс және жыр мүшәйрасы ұйымдастырылады. Алтайдың үш биігі атанғандар: Ақыт қажы Үлімжіұлы - атақты қазақ ақыны, діни қайраткері, халық ағартушысы; Бөхийн Бааст - Моңғолдың халық жазушысы, Баян-Өлгей аймағының тумасы; Ақтан Бабиұлы - МХР мәдениеті мен өнеріне еңбегі сіңген қайраткер, ақын әрі драматург, деп хабарлайды
Мүшәйра талаптарына сәйкес, қатысушылар сайысы үш кезең бойынша өткізіледі. Жазба ақындардың жас шамасы 18-65 аралығындағы болуы қажет. Бірінші кезеңде «Отан» тақырыбында жазылған бір өлеңді моңғол, қазақ тілінде жазып алдын ала ұйымдастырушыларға табыстайды. Туындыларды төрешілер бағалайды. Одан, екінші кезеңге өткен ақындар өлеңдерін оқиды. Ең соңында, соңғы кезеңге жолдама алған 15 ақын өлеңдерін оқып береді.
Сондай-ақ Қазақстаннан, Ресей Федерациясынан және Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінің ақындары қатысатын «Айтыс-шоу» өтеді.
«Алтайдың үш биігі - Ақыт, Бааст, Ақтан» - поэзиялық жарысқа, Моңғол елінің мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері, Моңғолия жазушылар одағының басқарма мүшесі Арлааны Эрдэнэ-Очир, Моңғол еліне еңбек сіңірген қайраткер, Моңғолия жазушылар одағының Баян-Өлгей аймағындағы бөлімшесінің төрағасы, ақын Сұраған Рахметұлы, «Шұғыла» журналының жауапты хатшысы Еркінбек Бөденұлы, Ақтан Бабиұлы атындағы Баян-өлгей аймақтық Бұқаралық кітапханасының директоры Асқар Шаймарданұлы және басқалары төрелік етеді.
Ақындар сайысының мақсаты, Моңғол халқының ана тілінің тұтастығын қамтамасыз ету, этникалық топтардың мәдениетін дамыту, ана тілін дамытып және жазбаша мәдениетті қалыптастырушы таланттарды анықтап, ынталандыру болып табылады.
Қуат Уатхан,