Шымкентте спорттық үйірмелерді жан басына қаржыландыру жобасы сәтті жүріп жатыр. Бүгінде Artsportedu.kz сайты арқылы өтінім берген кәсіпкерлер саны 25-ке жеткен. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов БАҚ өкілдерімен өткен пресс-турда мәлімдеді.
– Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысқа бөлінген қаржы artsport.edu.kz ақпараттық порталына енгізіліп, қала кәсіпкерлерімен мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына 25 кәсіпкерден өтінім түсіп, оның ішінде 20 кәсіпкер біліктілік іріктеуінен өтіп, оң шешім берілді, 1 әсіпкердің өтінімі қаралуда, 4 кәсіпкердің өтінімі кері қайтарылды (1 Түркістан облысына қарасты). Ата-аналардан жалпы саны 3347 өтінім түсіп, оның 2955-сымен келісім-шарт жасалды. Бұл көрсеткіш күн сайын өзгеруде, - деді М. Исахов
Қала әкімінің орынбасары бастап барған алғашқы спорт кешені «STRONG» фитнес орталығы болды.
«Эталон Клининг» ЖШС директоры Оксана Маслова қаладағы Ақпан батыр көшесі, 111-де орналасқан жалпы ауданы – 950 шаршы метрді құрайтын «STRONG» фитнес орталығын жалға алу арқылы мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істеуде. Кәсіпкер бокс (120 бала) және таэквондо (40 бала) спорт түрлерінен 160 балаға өтінім жолдаған. Оксана Николаевна қазіргі таңда 110 ата-анадан өтінім түсіп, 109 ата-ана мен кәсіпкер арасында екіжақты келісім-шарт жасалғанын айтады.