Ел мақтаныштарының есімдері ұлықталды

2078
Adyrna.kz Telegram

Шымшаһарда қалалық мемлекеттік архивтің ұйымдастыруымен тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жылдарындағы Құрметті азаматтар» көрмесі өтті. Бұл жолы қаланың құрметті азаматтары аллеясына түрлі спорттық додаларда еліміздің даңқын шығарған азаматтар жиналды.

Көрмеде егемендік алған жылдарда 139 азаматтың мемлекеттік архивтерде сақтауда тұрған құжаттары негізінде жинақталған мәліметтер жасақталды. Еңбегі сіңген тұлғалардың жеке кітаптары, жобалары мен фотолары, құжаттамалары жиналған көпшілікке ұсынылды.

Іс-шара барысында қазақ спортының саңлақтары, ел мақтаныштарымен кездесу ұйымдастырылды. Жиынның құрметті қонағы болған олимпиадалық дәрежедегі төреші Бақытжан Жақсықұлов пен қазақ боксының дарабозы Нұржан Сманов өмірде өз түйгендерімен ой бөлісті. Болашақтың жарқын болуы үшін жастарға бағыт-бағдар берді. Жиында ел мақтаныштары жастарға өз тәжірибелерімен бөлісіп, өмірлік кеңестер беріп, спортпен шұғылдануға үндеді.

Жиында сөз алған қалалық мемлекеттік архивтің директоры Айпар Амангелдиева аталған жобаның маңызына тоқталды. Бүгінде қалалық архив мекемесі «Архив-2025» кешендік жоспары бойынша тәуелсіздік жылдары қалаға елеулі үлесін қосқан азаматтар туралы мәліметтер жинағын жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Ұсынылған мәліметтер Шымкент қаласы мемлекеттік архиві мен қалалық мәслихаты архиві және Түркістан облысының мемлекеттік архивінде тұрған құжаттар негізінде жинақталған.

Пікірлер