Шымкенттіктер «Сельская честь» операсын тамашалады

2219
Adyrna.kz Telegram

Шымкент қаласының опера және балет театры әлемге әйгілі «Сельская честь» операсын көрермендерге тарту етті.

Аталған операның алғашқы премьерасы 2017 жылы Шымкент опера және балет театрында сахналанған болатын. Өнер ұжымы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай әлемдік операны өнерсүйер қауымға тарту етіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Үздік туындыны сахналауға әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер майталмандары жұмылдырылды.

П.Масканьидің «Сельская честь» операсының премьерасы алғаш рет 1890 жылы Рим қаласында «Костанци» театрында сахналанған болатын. Бір актілі опера желісі сицилиялық ауылда өтеді.

Дж.Вергидің новелласының оқиға желісімен жазылған опера П.Масканьидің әлемге әйгілі ең үздік және танымал шығармаларының бірі.

Опера кейіпкерлері арасындағы қарым-қатынастар мен шиеленістер әуезді музыкамен көмкеріліп, көрермендерге оқиғаны әсерлі етіп жеткізеді.

«Сельская честь» операсында жастардың махаббат жолындағы күресі, сатқындық, талас-тартыс, содан өрбитін шытырман еліктірер оқиға, қанды кекпен аяқталатын сюжетте адамдық эмоциялар шебер суреттелген.

Басты рөлде халықаралық байқаулардың лауреаты, Мәскеу қаласынан келген Екатерина Головлева – Сантуцца рөлін сомдап шықты. Турриду рөлінде операмыздың солисті, халықаралық конкурстардың лауреаты Жұмабек Қаңтарбаев және Өзбекстан мемлекеті Алишер Науаи театрынан келген Бегзод Садыков ойнады.

Қойылым режиссері – Қырғыстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлан Асанбаев, Дирижер – Теміржан Ержанов.

Рөлдерде қалалық театрдың солистері, хор, балет және симфониялық оркестр әртістері өнер көрсетті.

Пікірлер