Көру қабілеті нашар жандарға арналған «Ән тарту» вокалдық байқауы өтті

3061
Adyrna.kz Telegram

Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу аясында көру қабілеті нашар адамдар арасында екінші рет «Ән тарту» вокалдық байқауы өткізілді. Бұл шараны Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат-оқырмандардың дарынын ашу, вокалдық қабілеттерін дамыту және сол арқылы олардың өз күштеріне деген сенімділікті ұялату.

Биылғы ұйымдастырылған «Ән тарту» байқауы «Вокал» және «Дуэт» деп аталған екі номинация бойынша өтті. Ән сайысына Қостанай және Рудный қалаларынан ерекше қажеттілігі бар 9 адам қатысты.

Сондай-ақ көпшілік жиналған байқауға қатысушылардың жетекшісі ретінде Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының кәсіби әншілері Нұржан Жақсан, Жәнібек Жұмахан, Ақния Жеңіс шақырылды. Сонымен қатар олар бұл шарада әулете ән шырқады.

Сайыс болған жерде жеңімпаз да болары анық. Аталмыш ән додасында қатысушылардың өнерін бағалаған әділ қазылардың шешімімен 1 орынды Ақния Жеңіс жетекшілік еткен Данна Сұлтангалиева жеңіп алды. Ал 2 орынды әнші Жәнібек Жұмаханның жетекшілігінде ән шырқаған Анна Грачева иеленді. Жүлделі 3 орын Нұржан Жақсанның жетекшілігінде болған Байгүл Жандарбековаға бұйырды.

Осы ретте Рудный қаласының «Орбита» демалыс орталығының музыкалық жетекшісі Наталья Круглова, аталмыш қаладағы №11 орта мектебінің вокал бойынша оқытушысы Наталья Данилевскаялардың есімі өнерлі жандар Айсұлу Байболованың, Сергей Крупининнің және Елена Лазареваның нағыз тәлімгерлері ретінде аталды.

-Бұл байқауда ең бастысы әр қатысушы өз күшіне деген сенімсіздікті, өзінің кемшіліктері мен қорқыныштарын жеңе білді. Олар қолдарынан келгенше өнерлерін ортаға салып, әсем ән шырқады, – дейді байқауды ұйымдастырушы кітапхана қызметкерлері.

Кітапхана ұжымы қатысушыларға сыйлық ұсынған қаламыздағы «Оазис» гүлдер дүкеніне және «Мирас» мәдениет үйінің әкімшілігіне алғыстарын жеткізді.

Байқауға қатысқандардың барлығы лайықты марапатқа ие болды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Пікірлер