Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінгі күні мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау үшін кешенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасындағы «Анығын айтқанда» бағдарламасында ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Эфир барысында Ерлан Карин Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысында көтерген мәселелерге тоқталды.
«Соңғы жылдары салынған нысандарда мүгедектерге арналған пандустар қарастырылған. Бұрын салынған ғимараттарда жоқ. Президент осы мәселені шешудің жолын айтты. Ол «мүмкіндігі шектеулі азаматтар жиі баратын ғимараттардың тізімі мен қолжетімді нысандардың картасын әзірлеу керек», –деді.
Осыған орай, қазір мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау бойынша арнайы портал бар. Сол порталда картаның алғашқы жобасы дайындалды. Оның ішінде 35 мыңға жуық осындай нысан енгізілді. Алдағы екі-үш жылда тағы қосымша 20 мың ғимарат тізімге қосылады. Содан кейін олар мүгедек адамдарға ынғайлы етіп жасалады», - дейді Президент кеңесшісі. Сонымен қатар, ол Президент мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүгедектігін растау үшін жыл сайын өтетін комиссия процесін барынша жеңілдетуге тапсырма бергенін тілге тиек етті.
«Жыл сайын мүмкіндігі шектеулі азаматтар өздерінің мүгедектігін растау үшін комиссиядан өту керек. Одан өтуге кейбір адамдардың жағдайы келмейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, процесті жеңілдету үшін қашықтан өту жобасы қолға алынды. Бүгінгі күні бұл жоба бірнеше облыста жүзеге асып жатыр», - дейді Ерлан Карин.