Қыркүйектің 15-нен бастап елімізде емханаларға тіркелу науқаны басталады

2063
Adyrna.kz Telegram

«Қыркүйектің 15-нен бастап елімізде емханаларға тіркелу науқаны басталады. Еліміздің әрбір азаматы екі ай ішінде, яғни 15-ші қарашаға дейін тіркелу мүмкіндігіне ие болады», - деп әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Н.Отарғалиев баяндады

«Тіркелу науқаны кезінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымына тіркелген азаматтар 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен келер жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. Тіркелу науқанының қорытындысы бойынша медициналық ұйымдар кескінінде халықтың таңдауын ескере отырып, 2022 жылға арналған қаржыландыру жоспарланады. Әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру төленеді. Сондықтан, дерекқордың кәміл дұрыстығына Қор мүдделі» - түсіндірді Н.Отарғалиев.

Тіркеу науқаны денсаулық сақтау нысандарының дерекқорында тіркелген және тегін медициналық көмек пен МӘМС бойынша медициналық қызметті көрсететін ұйымдар арасында ғана жүргізілетінін атап өтеміз. Қормен келісім шарты бар емханалардың тізімімен www.fms.kzсайтында «Емхананы таңдау» бөлімінде танысуға болады.

Осы жылдың 31 желтоқсанына дейін азаматтар бұрын бекітілген емханаларында медициналық қызмет түрлерін алуды жалғастырады.

Алматы облысы бойынша бүгінгі таңда медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарына тіркелмеген азаматтар қажетті емханасын таңдай алады. Медициналық көмекке толықтай қол жеткізу үшін тұрғылықты жері бойынша емханада немесе ЭЦҚ арқылы электрондық үкіметтің веб-порталында тіркелу мәртебесін тексеру ұсынылады.

Қазіргі таңда, денсаулық сақтау жүйесі және халық денсаулығы Кодексіне сәйкес, кез-келген консультативті диагностикалық көмекке (бейінді мамандардың кеңесі немесе лабораториялық-диагностикалық шаралар) қол жеткізу үшін телім дәрігерінің жолдамасы қажет. Сондықтан, медициналық көмекті жоспарлы түрде алу үшін, емханаға тіркелу мәселесі өте маңызды болып табылады.

Айта кететін жайт, бүгінгі таңда Алматы облысы бойынша 487 мыңнан астам адам сақтандыру мәртебесіне ие болмаған. Алайда, сақандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне құқылы. Бірақ, жоспарлы емдеуге жатқызу, бейінді мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін Электрондық үкімет порталында, Қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

Осыған орай, сақтандырылмаған тұрғындарымызды МӘМС жүйесіне енуіне шақырамыз.

Пікірлер