1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы Аманкелді Имановтың домбырасы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр екен. Жуырда Қостанай қаласына барған сапарымызда жәдігерді өз көзімізбен көруге мүмкіндік туған еді. Аспаптың көркемдігі ерекше. Сүйектермен ою-өрнектер жапсырылып, өте әсем безендірілген. Жәдігер Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне 1964 ж. 21 тамызда келіп түскен.
Музейдің ғылыми әдістемелік жұмыстармен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Нәзима Қуанышбайқызы айтуынша, бұл құнды домбыраның ұзындығы – 90 см. 14 пернелі, шанағының көлемі сопақша. Домбыраның қапталы, беті, сыртқы сауыр дүмі жеке-жеке шабылып, шеберлікпен жымдастыра құрастырылған. Домбыраның сырты сүйекпен көмкерілген. ХІХ ғасырдың аяғы – ХХ ғасырдың басы.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Туған жер тарихы» залында музыкалық аспаптар экспозициясына домбыра, нарқобыз қойылған.
Арман ӘУБӘКІР,
Қостанай,
"Адырна" ұлттық порталы