Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов Тараз қаласының емдеу мекемелерін аралады. Ол стационарда емделіп жатқан адамдардың хал-жағдайымен танысты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігінің жұмыс тобы қаза тапқандардың отбасыларымен қажетті жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда оларға заңнамада белгіленген төлемдер мен жеңілдіктерді алу тәртібі де түсіндіріледі. Бұдан басқа, Мұхамеджан Таласов зардап шеккендердің ешқайсысы назардан тыс қалмайтынын атап өтті.
- Біз тиісті өтемақылар мен жәрдемақыларды төлеуге байланысты мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Қажет болған жағдайда отбасы мүшелеріне жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі. Сондай-ақ қаза тапқандардың балаларына қамқорлық көрсетеміз. Бұл ретте оларды Қорғаныс министрлігінің білім беру орындарына оқуға қабылдауға жәрдем көрсетіледі, – деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
«Адырна» ұлттық порталы