Халық санағын жүргізуге 9,1 млрд жұмсалмақ

3073
Adyrna.kz Telegram

Вирус өршіп тұрғанда, халық санағын жүргізудің қажеті қанша?! Қоғам белсенділері қазіргі ахуалды ескере отырып, жалпы ұлттық науқанды кейінге шегеру керек деп есептейді. Себебі бұл мақсатқа бөлініп отырған қаражат та аз емес. Бас-аяғы 9 миллиард теңгеден асып жығылады. Ал Ұлттық статистика бюросы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтетін шараға сақадай сай дайын отырғанын айтады. Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.

Жуырда ғана халқымыздың саны 19 миллионға жетті деп бөрігімізді аспанға аттық. Қуандық. Әрине, шаттануға тұрарлық. Десе де, алыс-жақында жүрген азаматтарымызды түгендеп, ресми түрде санақ өткізетін сәт те жақындап қалды. Тәртібі сол, интернетке қолы жетіп тұрғандар, арнайы сайтқа кіріп, тіркеледі. Ал ғаламтор арқылы есепке алынбағандардың дерегін алу үшін арнайы мамандар мәліметтерді үй-үйден жинайды.

Біз микрофон ұсынған тұрғындардың дені  халық санағын өткізіп, ел азаматтарының нақты санын шығаруды қолдап отыр. Бірақ, онсыз да белгілі нәрсеге босқа ақша шашудың не қажеті бар дейтіндер де табылды.

 БАҚЫТБОЛ БЕРКІМБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

"Цифрланған жүйеде барлығы көрінген. Кімнің кім екені некесі бар ма, некесі жоқ па. Неше жаста, бүкіл адам қазір компьютерде қазір бәрі дайын тұр. Енді сондай мәлімет дайын тұрса, оған мемлекеттен қаншама миллиондаған ақша жұпсап, санақ жүргізудің қажеті қанша?".

Ақша демекші, санаққа жұмсалатын қаражат та азын аулақ тиын-тебен емес. 9 миллиард теңгеден асады. Ал бұл 2009 жылғы халық санағына бөлінген сомадан 7 есе көп.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

"Халық санағы деген ол тек халықты санау емес. Бұл жерде түрлі салаларға қатысты сауалдар бар. Бұл жалпы алғанда қарапайым тілмен айтқан кезде үлкен, ауқымды әлеуметтік сауалнама деп айтуға болады. Негізгі расходтар бізде ашық түрде барлығы жарияланған. Санақ gov.kz сайтында сол 9,1 миллиарды теңгенің қайсы қай тарапқа жұмсалатыны сомасымен көрсетілген".

Сондай-ақ отандастарымызды уайымға салып отырғаны  жеке бас құжаттарының қауіпсіздігі. Бүгінде ЖСН нөмірін иемдену арқылы алаяқтықтың небір түрі қанатын жайғаны белгілі. Статистика бюросының ресми өкілі халықтан жиналған ақпараттың құпиялылығана басымызбен жауап береміз деп отыр.

ОЛЖАС САЙЛАУБЕКҰЛЫ, ҚР ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

"Яғни оған түскен мәліметтер басқа жаққа кетпейді. Ол қосымша арқылы жиналған мәліметтер санақ сұрақтары аяқталған кезде батырмсаны басқаннан кейін бұл контейнер болып жабылады да бірден орталық базаға жіберіледі. Яғни оның ішіне түскен мәліметтерді планшеттің ішінен көшіріп алу мүмкіндігі жоқ".

БАҚЫТБОЛ БЕРКІМБАЙ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

"Мемлекеттің қазіргі пандемия, қиын кезде халық жұмысы жоқ, адамдар ауырып жатыр. Дәрі-дәрмекке, больницаға, сондай халыққа шынымен мұқтаж нәрсеге жұмсаудың орнына ақшаны далаға шашудың өте ысырап. Енді қазір пандемия кезінде әркімнің есгіні қағып, санақ санаудың өзі дұрыс емес. Пандемияның тәртібіне де қайшы".

Алайда, үйді-үйді аралап, сауалнама алатын жауапты мамандар санитарлық қауіпсіздікті қатаң сақтайды деп сендірді ведомство өкілі. Сондай-ақ олармен құжаттардың құпиялығы жөнінде келісімшарт жасалған.

Айта кетейік, 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жалпы ұлттық халық санағы жүргізіледі. Тек бізде ғана емес, биыл әлемнің 61 мемлекеті елдегі азаматтар санын ресми түрде есептеп жатыр.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер