Сізге, Данияр Абулғазин екеуіңізге олимпиадалық комитетті басқару не керек? Менің білуімше, сізде барлығы бар. Банктер мен жерлер, зауыттар мен кемелер... Ендеше, Ұлттық спорт үшін халық алдында жауапкершілік арқалау не керек?
Ұлттық олимпиада комитетінің тізгінін ел ішінде абыройы бар спортшыларға, Тұрлыханов, Ыбырайымов, Рыпакова және басқаларға табыстап бергеніңіз дұрыс! Спортқа маңдай тері сіңген нағыз мамандарға, спорттағы әрбір жеңістің тәтті дәмі мен жеңілістің ащы өкініші не екенін шын мәнінде білетін адамдарға беріңіз!
Спорт федерацияларының басшылығынан өзіңізден кіші олигархтарды да алыңыз. Орындарыңызды кәсіби спортшыларға беріңіздер. Спорт саласымен - Олимпиада ойындары өмірінің мәніне айналған адамдар айналыссын. Өйткені, Сіздер үшін бұл – жай ғана кезекті бір көңіл көтеруге себеп болатын басқосу секілді ғана.
Мен өзімізді көршілерімізбен салыстырмаймын. Қырғыз, өзбек, түркімен бауырларымыз үшін шын қуаныштымын. Өйткені, олар әділ жеңді. Ал біз ойсырай ұтылдық. Біз өз-өзімізді салыстыруымыз керек. Рас, біз әлемнің ең үздік деген отыздығына 3-4 алтын жүлдемен сенімді түрде еніп жүрген едік. Ал бұл жолы 97 спортшының тек сегізі ғана медальға қол жеткізді. Сөйтіп, мүмкін болған 93 орыннан 83-ші орынды алдық. Бұл ұлттық деңгейдегі қорлау. Асырып не кемітіп айтқандық емес...
Бокс туралы... Бұрын КСРО құрамында 10 спортшы болса, соның алтауы Қазақстаннан еді. Біз Қазақстан-Куба болып, жекелеген жарыстар өткізетін едік. Ал енді қазір, бапкерлер Қазақстаннан кетіп, өзге елдер үшін Олимпиада чемпиондарын даярлап жатыр. Бұл нағыз масқара!
Біз мемлекет ретінде массаж үшін 1 млрд теңге төлейді екенбіз. Бұл шамамен 2,5 млн доллар. Бұндай жағдайда, Олимпиада чемпионы (250 мың доллар) болғаннан, массажист болған артық қой... Тағы да ұрлық па?
Олигархатқа мемлекеттік істі сеніп тапсыруға болмайтынына елдің тағы бір мәрте көзі жетті. Темір жол саласын талқан етті. Ауыл шаруашылығында латифундия орнатты. Нақты банктік жүйені жойды. Енді міне, мемлекеттің (салық төлеушілердің ақшасы) Ұлттық спортқа деп бөлген ақшасын да талан-таражға сала бастады. Бұл да өз кезегінде олигархаттың қандай да бір іске қолының ұшы тиесе, сол істің күл-талқаны шығатынын дәлелдеп отыр. Демек, Ұлттық спортты олигархаттың қолынан қайтарып алып, нағыз кәсіби, отаншыл спортшылар мен бапкерлерге беру керек!
Түйін. Десе де, біздің 97 спортшымыз үшін, әсіресе, 8 қола жүлдегер үшін шын қуаныштымын.