Түркістан облысындағы сегіз бірдей ауылдың тұрғындары Ақбастау елді мекеніндегі демалыс орнының жеңіл жүрісті қыздардың ордасына айналғанын айтып, қонақ үйді жабуды талап етіп отыр деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар қонақ үйдің жанынан жүруге ұялатын жағдайға жеттік дейді. Ал демалыс орнының қожайыны бұл пікірмен мүлдем келіспейді.
"Сөйлесетін адамдарды жібердік, қонақ үйдің қожайыны "бизнесіме кедергі жасамаңдар, өзім білем" деп бизнесін қорғап отыр. Мұнда қыздар омырауын шығарып алып, темекі шегіп тұрады. Мүшеқабының бәрі шашылып жатады. Балаларымызға не деп айтарымызды білмейміз", — дейді Сайрам ауданының тұрғыны Мұхит Айтқұлов.
Ең қызығы, Ақбастаудағы қонақ үйдің айналасындағы топырлаған жеңіл жүрісті қыздарды жергілікті тұрғындар видеоға да түсіріп алыпты. Түнгі көбелектер біресе іште, тіпті кей кездері сыртта сөйлесіп, саудаласуға ұялмайды дейді. Алайда ақшаға арын сататындар демалыс орнына ешқандай қатысымыз жоқ деп отыр. Олар мұндағы бөлмелерді сағатына жалға алады екен.
Ал қонақ үйдің қожайыны жезөкшелердің әңгімесі әбден мезі етті деп ашуға булыққан. Әрбір келген қонақты тексеріп отыруға міндетті емеспін деп қысқа қайырған.
"Ешқандай қыздар болған емес. Мұнда әркім өзінің жұбымен кіреді. Мысалы, қонақ үй болғаннан кейін біреу жолдан қалып кіреді. Кіреберіске де жазып қойғанмын: "қыздар сұрамаңдаршы, өтініш" деп", — дейді қонақ үйдің иесі Мейрамбек Ташимов.
Ақбастаулықтардың шағымынан кейін полицейлер қонақ үйге қатысты тексерісті бастапты. Егер мұнда жеңіл жүрісті қыздар анықталатын болса, қожайыны толық жауап береді. Алайда тұрғындар тәртіп сақшылары тәртіп орнатады дегенге аса сеніңкіремейді.
"Адырна" ұлттық порталы.