Өнерінде өткеннің ізі жатыр...

3793
Adyrna.kz Telegram

Ұшар басын бұлт шалған Алатаудың баурайына ақшаңқан киіз үй тігілген. Айналасы алқызыл гүлге оранған қазақы үйдің маңына бұрымды қыз-келіншектер жиналып, сауық-сайран құрып отырғандай. Ал анау шеттегі ақ кимешекті қос бәйбіше салмақты әңгіменің тиегін ағытқанға ұқсайды. Бұл қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш суретші Айша Ғалымбаеваның «Киіз үй жанында» атты картинасындағы көрініс.
Өмір бойы қолынан қылқаламы түспеген суретші Айша Ғалымбаева әртүрлі жанрларда жүздеген картина жазып, республикалық, одақтық, халықаралық көрмелерге қатысты. Еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленді. Алайда суретшінің балалық шағы ауыр өтті. Айша Ғарифқызы 1917 жылы 29 желтоқсанда Алматыға таяу жердегі Есік ауылында дүниеге келген екен. Әке-шешесінен ерте жетім қалған ол анасының сіңілісінің қолында өседі. Сіңілісі Ханифа апайының төрт баласын өсіріп жеткіземін деп жүріп тұрмыс та құрмаған. Ашаршылық жылдары жәудіреп отырған балаларға азық тауып беру ол үшін өте қиынға соғатын. Айша сурет өнеріне кішкентайынан қызықты. Қағаздың қат, қарындаштың жоқ кезі болса да ебін тауып сурет салатын. Әке орнына әке, ана орнына ана болған Ханифа балалардың беттерінен қақпай өсірді. Оларды қасына отырғызып ісмерлікке баулыды. Кейіннен Айша ауылдағы мектептен білім алып, арабша хат таныды. 1943 жылы Алматы көркемсурет училищесін бітірген соң Мәскеудегі Бүкілодақтық кинема­то­графия институтының мода өнері факуль­тетіне түседі. Оқуын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін шығармашылықтан бір сәтке де қол үзген жоқ. Ол таңның атысынан үйдің жанындағы шеберханасына бет алар еді. Аядай шеберханасында отырып бастаған картинасына ойлы көздерімен ұзақ қарайтын. Ұзақ қарайтын да, ойын жинақтап барып жазуға кірісетін. Палитрадағы ойнақы бояулар кенеп бетіне түскен сайын мазмұны бай картина қазақ өмірінен сыр шертетін. Айша Ғарифқызының шығармашылығындағы негізгі тақырып қазақ әйелінің образы еді. Оның әр жазған портретіндегі негізгі ой бір арнаға келіп тоғысатын. Яғни кеңес дәуіріндегі әйелдердің сұлулығы, сәні, тіршілігі бейнеленетін. Атап айт­сақ, «Қостанай берекесі», «Жеміс жинау­шы», «Күләш әндері», «Кестелі киме­шек» сынды портреттерінен сол дәуір­­дің иісі аңқиды. Сонымен қатар алпы­­сыншы-жетпісінші жылдары ұлты­мыз­дың өнерін, мәдениетін бейнелеуге ден қойды. Осы тұста сурет­шінің шы­ғар­­ма­шы­лығында әртүрлі тақы­рып­тағы сю­жет­тік картиналар орын алды. Айша Ға­лым­баева картинадан бөлек «Махаббат туралы аңыз», «Өжет қыз», Шо­қан Уәли­ханов туралы «Оның заманы әлі алда», «Бұл Шұғылада болған еді» дей­тін фильм­дердің қоюшы суретшісі болды. 1958 жылы «Қазақтың ұлттық киім­дері» атты альбом шығарды. Сурет­терін топтастырған кітаптар да жарық көрді. Соның бірін парақтап отырып, «Қуанышты күн» атты картинасы ерекше көз тартты. Суреттің бояуынан бұрын мазмұнын түсінуге тырыстым. Мұнда суретші күзгі жиын-терін аяқталған­нан кейінгі сабан тойды бейнелегенге ұқсайды. Қоңыр күз. Ортада ұлттық киім киген қыз шыр көбелек айнала билеп жүр. Маңайына жиналған қыздар қоңыр домбырадан күмбірлете күй төгіп отыр. Арғы планда қызыл түсті жалаулар желбірейді. Бәйге, күрес, арқаланған адамдар. Бұл полотнода қылқалам шебері халықтың қуанышын, рухын, көңіл күйін сезіне отырып жеткізген. Айша Ғалымбаева әр картинасын үлкен тебіреніспен, толғаныспен бас­тағаны анық. Әр суретті бастар алдында терең ойға шоматын. Бұл туралы ұлы Решат Қожахметов әңгімелеп берді. – Әлі есімде... Кішкентай кезім. Анам шеберханасында көп уақытын өткізетін. Мен оянғанша сол жерде жұмыс істеп келетін. Келгеннен кейін тамағымды беріп, үй шаруасын ыңғайлап қайта кететін. Анам кейбір картиналарын аз уақытта аяқтаса, енді бірін жылдап, айлап жазатын. Табиғат көріністерін бейнелеп, үйге іліп те қоятын. Әкем Файзрахман өнерден алыс болғанымен, анамды үнемі қолдап, шығармашылығына мүмкін­дік туғызушы еді. Анам арасында учи­лищеде сабақ та берді. Көптеген бел­гілі суретшілердің топшысын мық­тап, қанатын қатайтты. 1971 жыл. Мен Мәскеуде екінші курста оқып жүрген кезім. Бір күні үйден суық хабар келді. Әкем қайтыс болған екен. Аяқ астынан бол­ғандықтан ба, қабырғамызды қайыс­тырып кетті. Содан бастап анамның көңілін аулап, қабағына қарап отыратынмын. Демалыста қала сыртына плэнерге шығатынбыз. Сол күндер бүгін келмеске кетті, – дейді ол өткен күндерді еске алып. Бүгінде Решат Файзрахманұлы анасының ізін жалғастырып келеді. Ол саз балшықтан құмыра, композициялық мүсіндер жасап, алыс, жақын шет­елдерде өтетін көрмелерге қатысып жүр. Анасының өнерін өшірмей келе жатқан ұлы бар, өнерін бағалайтын халқы бар.


Толығырақ:

 https://egemen.kz/article/161900-oenerinde-oetkenninh-izi-zhatyr

Пікірлер