Сатай батырдың үш даналығы

4789
Adyrna.kz Telegram
фото ашық ақпарат көзінен алынды
фото ашық ақпарат көзінен алынды

Қазақ  елінің  жеке Тәуелсіз  мемлекет  болу үшін  жандарын шейіт  еткен  азаматтарымыздың  бірі,  асылы да  ардақтысы  Сәкен Сейфуллиннің:

«Сыр сандықты ашық қара,

Ашып  қара, сырласым.

Сым пернені  басып қара,

Басып  қара, жырласын!»- деген

бір  шумақ  өлеңінде  қаншама сыр мен мұң тұнып  тұр  десеңізші!

Сәкен  сол  кездегі  қызыл  империяның қанды шеңгелінен  жасқанып, терең  ойын ашып  айта  алмады ғой. Қазақ  мемлекетінің  іргесінің  сөгілмеуі , шаңырағының  шайқалмауы  үшін  қаншама  даналарымыз  күндіз-түні тайсалмай, жасымай,  жасқанбай  күресті десеңізші! Сондай  батырларымыздың бірі де бірегейі–  аты  тарихқа мәңгі  өшпестей болып  жазылған,  есімі ел аузында  мәңгіге сақталған – Сатай батыр. Міне, үш ғасырдан  бері аты  ел аузында  үзіліссіз  айтылып  келеді. «Батырдың   аты  өшпейді» - деген  осы емес пе!?

Қазақ  Совет энциклопедиясының  он бірінші томының  373-375  беттерінде Сатай  батыр  туралы  тарихи дерек  тұжырымдалып  жазылған. Одан  артық кеңейтіп жазуға  сол кездегі қызыл  империяның  баспасөз цензурасы  деген  құзырлы  орган  жібермейтін  еді. Осы  аталған  энциклопедияның  373 беттерінде: «Ұлы жүздің ханы Жолбарыс  (1720-1740 ж) өзі билеген ұлы жүздің  Қодар  би, Төле билерімен , Сатай, Хангелді, Бөлек сынды  батырларының  және  өзінің  атынан жазылған хатын 1733 жылы Россияның  императоры Анна Ивановнаға  тапсырды»- делінген. Өйткені, Жоңғар  мемлекетінің  шеңгелінен  қазақ  елін толығымен  түбегейлі босату керек еді. Хатты  алған  Россия  императоры ұлы  жүз  ханы  Жолбарыс  пен  оның  билері мен  батырлары қол қойған  хатына  жауап  жазады.  Онда «1734 жылы 20-сәуірде  император Анна Ивановна  оларды Россияның қол астына  қабылдау жөніндегі грамотаға  қол қойды» - делінген.

Россия  мемлекетімен  достық қарым-қатынас  жазбаша  түрде  бекітілген  соң  қазақ  елінің  хандары  мен  батырлары  қазақ елін  билеп-төстеген  жоңғарларды  қазақ жерінен  түбегейлі  тазалау  жөнінде ірі-ірі  күрестер  жүргізіп , қазақ елін , жерін монғол  басқыншыларынан арылтуға шұғыл да батыл кірісті.  Монғолдарды  қазақ  жерінен  мәңгіге  қуып шығу  үшін  қаншама батырларымыздың  теңдесіз ерлігіне бүгінгі күні бас  иеміз. Солардың бірі - Сатай  батыр. Сатай  батыр  Жолбарыс хан мен  Төле  би  бабамыздың ақыл-кеңестерін  басшылыққа ала отырып , қазақ елінің бірлігін бұрынғыдан да нығайта түсті. Қазақ  жасағын ашса алақанында , жұмса жұмырында  ұстаған Сатай  батыр  ұйқысыз  түндер  мен күлкісіз  күндерді  басынан  өткерді. Қазақ  жерінде  «сайрандаған»  Жоңғар  басшыларымен, батырларымен ашықтан-ашық  шайқасқа  шықты. Бұл  күрес найзаның  ұшымен,  қылыштың  жүзімен , шоқпардың  шүйдесімен ,  асқан  ақылмен ,  қайтпас  батырлықпен  ғана  нәтижелі аяқталатынына  Сатай  батырдың  көзі де, ақылы да толық  жетті. Алла  тағалаға  сыйынып, бүкіл  ұлы жүздің он алты жасқа  толған ер азаматтарынан  бастап  атқа  түген қондырған .Қолдарында бес қару сайма –сай   болған.  Сатай  батырдың  айтқаны ұлы  жүз елі  арасында мүлтіксіз,  кедергісіз  орындалған . «Қазақ  жерін , елін  жоңғар басқыншыларынан  түп тамырымен  тазалау  үшін  қасық  қанымыз  қалғанша  шайқасамыз!» - деді Сатай  батыр. Сатай  батырдың  бұл сөзі  ұлы жүз қазақтарының  әрбір азаматына  жетіп жатты. «Он алты  жасқа  толған ер адам «Аттан!» - деп ел арасына Сатай батыр ұран тастағанда атқа  қонбай үйінде отырып  қалса ондай  еркекті  «Қызтеке!»- деп  атаймыз!- деген. Сатай  батырдың  жалынды да қатал, әрі  өте терең  ойлы  сөзі  ұлы  жүзге  ғана емес, бүкіл  үш жүздің  қазақтарына  жетті.Батырдың  бұл сөзі  әрбір  ер азаматтың  намысын жалындатты. Бәрі де:  «Қалмақтың  тепкісінде болғаннан  бостандықта  болғанымыз  жақсы ! »- деп  жалындап  сөйлеген  сол  жылдары  әрбір қазақ . «Болар бала  он бесінде  баспын»- дейді  дегендей,  он алтыға  толған  барлық  жастың бірі қалмай  атқа жаппай қонды. Қолдарында  бес  қаруы бар ,  әрі  қызтеке атанғанша елді қрғайық десті әрбір жас. Зарқын  Сыдықұлы  Тайшыбайдың  2011  жылы  «Ел-шежіре»  баспасынан  құрамында  28  адамнан  тұратын  кеңестің тезінен талданып, талқыланып  өтіп,  «Қазақтың  ханы – Абылай»   деген  атпен  екі томдық  кітап басылып шыққан. Кітаптың  бірінші   томының  125- бетінде  былай  деп жазылған : «Сатай батыр - Аққабақұлы  Панфилов  ауданының  Сарыбел мекенінде  дүниеге  келген .Жетісу  өлкесін,  жоңғар басқыншыларынан  азат етуге  қатысқан батыр.  Тегі  Суан руынан шыққан, ұлы жүз»- деп  айқын  жазылған. Ал  дүлдүл  ақын  Кенен Әзірбаев:  «Суаннан Сатай...  батыр  шыққан»- деп  жырлаған. Осындай  дәлілдер мен  анықтамаларды әлі де  көптен келтіруге  болады. Бірақ  газет оқырмандарына  мен бүгін  Сатай  батырдың нақты  айғақтармен  дәлелденген үш ірі  даналығы  туралы  қысқаша  баяндап  өтпекпін.  Данышпан Әл-Фараби  бабамыз: «Адамға  бірінші  тәрбие керек» - деген  ғой . Мен  жазып  отырған  үш  оқиғаның  да тәрбиелік  маңызы  өте зор дер едім.

Біріншісі:

 Алтынкөл.

«Жер  қадірін  білмеген, ел қадірін білмейді, ел қадірін білмеген ер қадірін білмейді» - деген  дана  сөзді бабаларымыз бізге ұлағатты  тәрбиелі  сөз ретінде  қалдырған. Қазақ еліндегі  жердің  де, елдің де ,  ердің  де  атаулары  киелі. Бірлігі берік, батырлығы  шайқалмаған  дана  халқымыз  бүгінде  ұлан-ғайыр  жерге  ие болып отыр. Бейнелеп  айтсақ  қазақ елінің  картасындағы  қазіргі  жеріне  бес Франция  мемлекеті  емін-еркін  сиып  кетеді. Қайсар  батырлардың бірі, халқымызды 18 ғасырдағы  «Ақ табан шұбырындыдан ,анталаған  жаулардан  қорғаған  -Сатай  батыр. Сатай батыр Жетісу  аймағы  мен  шығыс Қазақстан    өңірінен  монғол шапқыншыларының соңғы легін  қуып  шыққан  батыр. Жауды өз жерін қуып  тыққан  Сатай  батыр  өзінің  жер қайысқан  қолымен  кері  қайтқанда  Қазақ  елінің Қытай елімен шекаралас  Жоңғар  Алатауынан  басталатын  Қорғас  өзенін  жағалай төмендеп , Іле  өзенін  бетке  алып  жүреді. Ондағы  Сатай  батырдың  ойы Қазақ  елінің  шекерасының  қаншалықты  беріктігін   өзінің  зерделі  ойынан  өткізу  еді. Ел іргесі  берік  болса,  халық та  тыныш  өмір  кешеді емес пе. Іле өзенін бетке  алған Сатай батыр қолы Жоңғар  Алатауының  ортасындағы Қазанкөл  деген  үлкен  көлге жетеді. Қазанкөлді  көрген  Сатай  батыр  көлдің болмыс пішімінің өзі қазанға  ұқсағанына , көлдің  о  шетімен   бұл шетіне  көздің  әрең  жететіндігіне,   көлдің  жиегі қарағаймен  әдемі көмкерілгеніне  және  де  көлдің  тұнықтығына , әрі  тереңдігіне  қатты  таңырқаған. Сол Қазанкөл  туралы  Сатай  батырдың  айтқан, содан  бізге жеткен әңгімелерінің , бірнешеуін  суанның Мұқа  болыс,  1918 жылы сәуірде  Жаркент аймағындағы  халықты Сатай батырдың  туған ауылы  Сарбел  ауылына  жинап,  қазақ елінде Алашорда үкіметінің  құрылғанын қуанышпен хабарлап, мал срйып , ас берген  және  осы жиында Сатай  батырдың батырлығын Қазақ –Алаш  елінің бірінші басшысы болып сайланған Әлихан Бөкейханұлының  жалғастырғанын  ерекше  қуанышты сезіммен толқып-толқып тұрып  жігерленіп  айтқанын және Суанның  бас имамына  Әлихан Бөкейханұлының  ұлы бастамасының мәңгіге жалғаса беруі  үшін  бата жасатады. Бүкіл ел  қос алақандарымен  беттерін  сипап, Аллаға жалбарынып  «Әлихан! Әлихан!» - деп бәрі дауыстаған  Мұқа болыстың  осы  жиналысына қатысқан  сол 1918 жылы 16 жастағы  Сатай   батыр  ұрпағы Нұрыш  ата  маған 1970-інші  жылы  тәпіштеп  тұрып  айтып  беріп еді. «Енді  біз ақпатшаның қармағында болмаймыз! Жеке  мемлекетпіз . Оны  тұңғыш рет Әлихан Бөкейхан басқарды!»- деген  сөзін  Нұрыш  қария бар  ынтасымен  маған айтқан еді. Сатай  ұрпағы  Мұқа болыстың  осы  өткізген  жиналысы  жайындағы  дерект  Шабдан  Байбатшаевтің  «Қазақстан  баспасынан» 1970  жылы  жарық  көрген «Бел- белестер»- атты кітабында  да  жазылған.

Қазанкөлден  төмен  қарай   сарқырай  аққан  Қорғас  өзенін  жағалай  Іле  өзеніне  бет алған  Сатай  батырдың  қалың  қолы  екі  күннен  соң  Іле  өзенінен  жиырма шақырым  жоғарғы  жағындағы  өте  кең  құмды аймақтың  ортасындағы  Дүпшінкөл  және Гункөл деген  екі көлдің  жағасына кешкісін  келіп  жетісімен осында  түнейді.

Дүпшінкөлді  жергілікті  тұрғындар  қазір  де Дүпшінкөл деп  атайды. Бұл монғолша  атауы  . Қазақша - тынықкөл   деген  мағына  береді. Гункөл атауы да монғолша, қазақша тереңкөл деген сөз. Ал Гункөл  Сатай батырдың әскери  қолы  осында  түнеп  шыққан  күннің  ертесінен  бастап  Сатай  батырдың  бүкіл елге  ат шаптырып  ауызша  берген  жарлығының  негізінде  Алтынкөл  аталып  кетеді.  Оның  сыры  мынадай  еді. Қазақ елінің  жер-су  аттарының  атауында бізге  жеткен  айғағы  мен дәлелі  бар  әңгімелер  мен аңыздар  өте көп. Бәрі де  еліміздің  шежіресіне,  тарихына    өшпейтін сыр  қосып  тұр. Сондай  шап-шағын , тұп-тұнық Алтынкөл  бұрынғы  атауы  (Гункөл)   мен  Дүпшінкөл  ауданымыздағы  Пенжім  ауылынан  он  шақырымдай төмен  жердегі  өте  кең  құмды алқаптың  ортасында  жасырынғандай  болып  орналасқан. Бұл екі  көлге  де жан-жағынан  ағылып келіп, құылып  жатқан  өзен  де,  бұлақтар  да жоқ. Сонда  кең  аймақты  құмның ортасындағы  бұл екі көл  қалай  пайда болған? Құм  ішінде  болғандықтан  суы неге тартылып  кетпейді? Ал екі  көл  мен  Қорғас  өзенінің  ара  қашықтығы  он  шақырымдай  жер. Аңыз  бойынша  осы  екі  көл  мен Қорғас  өзені  жер  асты байланыста  дейді.  Әйтпесе  екі көл  де  тартылып  кетер еді. Бұл аңыз  болса да шынайы  шындық . Сатай  батырдың  жауыншер  қолы  Гункөлдің  құрағы  жайылған  жиегіне  қоныстайды. Сатай  батырдың  сары  тұлпарын  суыту үшін  батырдың ат күтушісі  ат тізгінін  алтын ерге  мықтап  таңып, шылбырын  Гункөл  жиегіндегі  жидеге  қыл шылбырмен  байлап  қойған. Түннің жарымында  алыс  жол жүріп  шаршаған  сары  тұлпар  қатты  шөлдеген  соң  су  ішуге  қайта-қайта  ұмтылып тұрып  жиде ағашына байлаған  жерден  бұтағын ашасынан  айырып  алып , көл ортасына су ішуге беттейді . Тізгіні  алтын ерге мықтап  байланған  ат  аузы  суға  жету  үшін  көлдің  терең  жеріне  қарай  жүре  береді. Дәл  сол кезде атты күтуші  жігіт  оянып кетіп , су  ортасындағы  Сатай  батырдың  сары  тұлпарын  көріп  зәре  құты  қалмай айғайлап  жіберіпті . Қатты  айғайдан  оянып кеткен  Сатай батыр мен  жасақтары  көл  ортасында  суға көміліп  тұрған  сары  тұлпарды  көреді. Сары  тұлпардың  аузы көл  суына енді-енді  жеткенде сары тұлпардың  көл суына біртіндеп  батып  бара жатқанын  бәрі де  көреді. Бірақ  атты құтқаруға ешкімнің  амал-айласы да, мүмкіндігі де жоқ еді. Әне-міне дегенше  Сары тұлпар  көл суына  батып,  көзден  ғайып болады. Сонда  Сатай  батыр: «Тұлпарымды  көлдің  жылымы тартып  кетті. Іздемеңдер!»- деп  іздемек  болғандарға тоқтау салған  екен.

Осы  түннің  ертеңгісінде  Сатай  батырдың  қалың  қолы осы  маңнан сексен  шақырымдай  жердегі Сатай батырдың  жасағы  жаттығатын  жаттығу орны- Долланқара  дөңіне  бет алады. Гункөлден  кетерінде  Сатай батыр: «Мұнда  менің  алтын ерлі  атым жылымға  сіңіп  кеткендіктен монғолша  Гункөлдің атауы бүгіннен бастап қазақша «Алтынкөл»-  деп  аталады»- деп  ауызша  жарлық   беріп,  жол-жөнекейдегі елді мекендердің халқына ендігі жерде «Гункөлді – «Алтынкөл»  деп атайсыңдар» деп хабаршыларын жібереді.

Ауылдардың  халқына ендігі жерде  «Гункөлді- Алтынкөл  деп атайсыңдар» - деп жан-жаққа  Сатай батыр атынан  атқа мінген  хабаршыларын жібереді. Ол жылдары ұлы жүздің бас батыры-Сатай батырдың айтқан әрбір сөзі сөзсіз орындалатын еді. Сатай батырдың сөзі хан жарлығындай болған. Халық сөзсіз орындайтын.Хандарын қалай сыйласа, Сатай батырды да халық дәл солай сыйлаған.Өйткені, бүкіл елдің  ұлы жүздің  қауіпсіздігі Сатай батырдың қолында еді.Өз жерін монғол басқыншыларынан енді ғана толығымен азат еткен Сатай батырдың беделімен абыройы бұрынғыдан да асқақтап тұрған заман еді.Халық Сатай батырдың жарлығын бүкіл халқ толық қуаттайтын. Бұл 1738-1745 жылдары болған  оқиғалар. 12 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы»  мен «Қазақ ханы - Абылай» атты  екі  томдық кітапта айқын  жазылған.   Сатай батырды «қызыр шалған батыр»-деп сол кезде халық босқа айтпаса керек. Оған   тағы бір  нақты мысал 2011 жылы Қорғас шекарасынан ҚХР –мен Қазақстан арасына темір жол салынып, пайдалануға берілгенде осы Қорғастағы темір жол станциясына жаңа атау беру жөнінде мәселе көтеріліп, бас қосушылар темір жол станциясының атауына бес түрлі атауды атайды.Сол бес атаудың ең соңына Сатай батыр Алтынкөл деп ататқан«Алтынкөл» атауы тіркеледі.Өзге төрт атаудың соңында  талай-талай мықтылар  мен қаржысы көкке  шашылып  тұрғандар  тұрды. Тіпті  кейбіреулері алдын-ала  «біз жеңдік»- деп бірін-бірі   құттықтап  та  жіберіп еді.

Комисияның соңғышешуші отырысында бір сәт сілтідей тына қалған  тыныштықты Сатай батырдың әруағы қолдап,теміржол станциясы - «Алтынкөл» станциясы деп аталады. Мұны Сатай батырдың әруағының ұлылығы дер едім.Ұлы адамның артында өшпейтін,уақыт өткен сайын жарқырай түсетін ұлы  ізі қалады  деген осы емес па! Сатай батырдың атауы берілген Алтынкөл бүгін де халықаралық-«Алтынкөл» станциясына айналды.

Екіншісі:

Доланқара

Бұрынғы атауы  монголша Гункөлден, сол күні Сатай батырдың жарлығымен  аталған  –«Алтынкөлден» қозғалған батырдың жер қайысқан жасақ қолы Сатай батырдың жасағы тұрақты түрде  жаттығатын  Алтынкөлдің батыс  жағындағы  жетпіс шақырымдай  жердегі   Доланқара шағын тауына қарай бет алады. Доланқара да қалмақша атау. Доллан- қазақша жеті деген сөз. Қара  деген сөз қазақша. Сонда күні бүгінге дейін Долланқара деп аталып келе жатқа  үлкен тау төбенің қазақша атауы Жетіқара болып шығады.Доллан  қарадеген шағын тау жотасы қазіргі Панфилов ауданындағы «Жаркент арасан» санаториясынан (шипажайынан) он шақырым төмен орналасқан.Биіктігі табанынан төбесіне дейін мың  метрдей биік тау жотасы.Бұл төбеге шықсаңыз айналаңыз түгелімен көрінеді. Сатай батырдың бүкіл жасағы осы Доланқара төбесі мен соның етегіне орналасқан екен.Долланқараның төменгі жағындағы он сегіз мың гектардай жер жазық.Міне, осы жазық  Сатай батырдың жасақтарының  қабілетін шынықтыратынжаттығу орны болған. Сатай батыр өзінің жасақ басшыларымен осы Долланқараның төбесіндегі жеті шатырында жатып бақылап отырған.Жасақ басшылары осы жеті шатырда болған. Сатай  батырдың  осы жеті шатырына  байланысты монголдар  бұл тауды  сол кезде –ақ Долланқара  деп  атап кеткен екен.

Ал жасақтары Долланқара етегіндегі қаздай тізілген шатырында тұрақтаған. Осындай әдіспен, қуатты күшпен қазақ жерінен монғол жасақтарын қуып шығып, оларды монғол  жеріне кіргізген және екінші рет қазақ жеріне аттауына жол  жоқ  деп аныттарын алған. Анытты бұзған монғол жасағының басы ешбір сұраусыз табан астында кесілетіні келісімде айтылған.Ал монғолсөзі Долланқараны қазақшаға аударғанда -  Жетіқара.Өйткені, Сатай батырдың жеті жасақ басшысы бар екен. Сол жеті жасақ батырының жеті шатыры Долланқара басында құрылып тұруының негізінде сол кездегі жеріміздегі монғолдар бұл тау төбені монғолша Долланқара деп атаған және ол төбеге олар жақындай алмаған.  Доланқара қазір де Долланқара  деп  аталуда.

Осы Долланқараны 1820 жылдары Ресейдің біздің елге,оның үстіне қытаймен шекараны нығайту үшін жасақталған арнайы әскерін осы Долланқара төбесіне топтастырған. Ресейдің генералдары, жоғары шенді әскери басшылары осы Долланқараны таңдауында да үлкен сыр жатқан жоқпа? Ал патшаныңжоғары шенді әскерлері әскери жаттығу өткізуге бұл жерді өте қолайлы жер деп таңдаған.Сонда қазақтың Сатай батырының қазақ жасақтарына таңдаған жауынгерлердің  жаттығу орны  тегін жер емес екенін ақтардың  әскери шенділерінің таңдауы тағы да дәлелдей түскендей. Ақ патшаның  шенділері қазақтың ана ғасырдағы Сатай батырының жауынгерлері жаттыққан жерін менсінбей, басқа  жерді таңдауы сөсіз еді. Сатай батырдың таңдауының  өте дұрыстығы ақ патшаның шенділерін амалсыздан осы Долланқараға  тоқтатты. Сатай батырымыздың әскери таңдауы ақ патшаның генералдарының таңдауымен тепе-тең  түсті деп берік сеніммен, күмәнсіз айта аламыз.

Арада  жүз  жыл  өткенде , 1918 жылы көктемінде Жаркент уезінде қызыл әскердің жасағы топтастырылды. Қызыл әскердің әскери шенділері Жаркент аймағын айналып жүріп  қызыл әскер жасағына лайықты жерді іздеп тапқаны   тағы да даңқты Сатай батырдың жауынгерлері жаттыққан Долланқараны бірден таңдайды.Әскери басшылары мен жасақ әскерлеріне арнап шатырларын осы Долланқара төбесіне қаздай тізеді.Бұл жерден айнала ашық көрінеді, етегіндегі он сегізмың гектардай жері қызылдардың атты және жаяу әскерлерінің,жаттығу  орнына  айналуы қызылдардың   жоғары шенділерінің   талғамдарының Сатай батыр бабамыздың таңдаған жеріне,саймасай келуінің өзі Сатай батыр бабамыздың әскери талғамының жоғары екендігінаққа  да қызылға да дәлелдеді.

1991 жылы Қазақстанымыз жеке Тәуелсіз  мемлекет атанған соң, мемлекетіміздің жеке әскери армиясы құрылды.ҚР-ның қарулы күштерін  басқаруға ең таңдаулы генералдар, сардарлар,сарбаздар тартылды.Сол бір қиын кездің өзінде Панфилов ауданына 1993 қоныстанған ҚР әскерлерінің оқу-жаттығу алаңы тағы да осы Долланқараға тұрақтады.Қазір аудан, республика бойынша өтетін кейбір әскери жаттығулардың біразы осы Долланқара аймағында өткізуліде. Танктен бастап барлық ату қарулары бойынша өтетін әскери жаттығулар Сатай батыр бабамыз кезінде  жасаған Долланқара аймағында өте сәтті өткізуліде.Мұнда өткен сол әскери жаттығулардың бірнешеуіне журналсит ретінде мен Садық Жұмабай да қатыстым.Сонда мен сол генералдардың, полковниктердің бірнешеуіне «Осы Долланқара  аймағы әскери жаттығу өткізугесай ма?» –деген сұрағыма бәрі де бір ауыздан «Өте сайма-сай!» -деп жауап берді.  Панфилов  ауданының аймағында әскери жаттығу  жасайтын бос жерлер  жеткілікті.Солай  болса  да ақ патшаның әскери  басшылары , кеңес  үкіметінің  қызыл  әскерлерінің  басшылары  және  Қазақстан Республикасының  әскери басшылары  келісіп  алғандай кезінде  Сатай  батыр таңдап ,  жауынгер  қолын  жаттықтырған әрі жауынгерлерінің  тұрақты  қонысы  болған  Долланқара  аймағын  таңдауында  үлкен сыр жатыр . Ол  сыр үш мемелекеттің де жоғары  дәрежелі  әскери  басшыларының   ұйғарымының  Сатай  батыр  жауынгерлері  тұрақтаған  Долланқара аймағын таңдауда  ешбір қателеспегенін айқындап та, дәлеледеп те  тұр. Тіпті  өздерінің қасжауы  ақ  патшаның әскері  тұрақтаған орынды  кеңес үкіметінің  қызыл    әскерінің  басшылары: «Ақтың  әскерінің  жатағы болған  жерде  неміз бар? Ақтың әскерінің  ізімен  жүрмейміз!»- деуі  әбден  мүмкін еді ғой .Сатай  батырдың әскери  қабілетінің  жоғарылығы  бәрін  де мойындатты деп сеніммен  айтамын.Сонда мені қатты ойландырған да, толғандырған да Сатай батыр бабамыздың осыдан 262 жыл бұрын осы жерді  қазір де Долланқара  деп  атап  келе жатқан жерді өз жасақтарына таңдағанда ешбір қателеспегеніне таң қалдым.Алла қолдап, Қызыр бабам жолдасы болған Сатай батыр бабамның ақылдылығына, көрегендігіне, тапқырлығына, болашақты дәл болжай алатындығына дән риза болып, Сатай баба рухына басымды идім!

Үшіншісі:

Найзатапқан

Дүниежүзіндегі екі жүзден астам мемлекет арасында жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды иеленіп отырған қазақ мемлекетінің жерін ғасырдан-ғасырға даналарымызбен данышпандарымыз, кеменгерлеріміз, батырларымыз, бүкіл халқымыз қызғыштай қорғай білді.Бүгінгі ұлан-ғайыр жеріміз берік қорғаныста және қорғала бермек!

Сатай батыр Алтынкөлден шығып, бұл жерден  батысқа  қарай жетпіс шақырым жердегі Доланқараға жетіп, мұнда бір күн түнеп, ертесі батысқа қарай елу шақырымдай  жолды басып өтіп, таяз сайға жетті. Сатай  батыр жауынгерлерінің  көбін  Қазақ елі мен Монғол  мемлекетінің шекарасына  қалдырған  еді. Қазіргісі шағын қол құрамы  үш мың жауынгерден  тұратын алты топ  жасақты басқарып келе жатқан қалың қол ұзақ жолдан шаршап та қалып еді.Әсіресе, аттары қаталап қатты шөлдеген.Күн пешінге таянғанда көкорай шөбі шалқыған сайлы жерге жетеді.Бірақ мұнда да талайды бастарынан өткерген Сатай батырдың жасақтары шыдамдылық  танытады.Қазақ елінің тағдырының қыл үстінде тұрған кездерінде де  Сатай батырдың жер қайыстырған жасақ қолдары бес қаруын сақадай-сай асынып, аттарының үстінде көз шырымын алып, қолдарын тізгіндерінен босатпап еді. Сыртқы жау қазақ халқының ынтымағы мен батырларының батылдығынан қаймығатын.

Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласынан сексен шақырымдай батыс жағында қазір Найзатапқан деп аталатын  жер бар. Сатай батырдың қалың қолы дәл осы бүгінгі күні де Найзатапқан деп аталып  жүрген  жерге  келіп еді.  Сатай батырдың жер қайысқан қолы келгенде мұнда су жоқ, шағын  сайда жайқалған шалғын шөп қана өсіп тұр екен. Батырдың жауынгер  қолы бұл қойнауға келгенге дейін бұл  шағын  сайды  ешкім Найзатапқан деп атамаған, Шалғын сай дейді екен. Сатай батыр жайқалған шалғын шөпті, әрі сазды шағын сай екенін зерттей сала көңіліне түйген ісіне шұғыл кіріседі. Сатай батыр атының үстінде тұрып, қолындағы найзасын саздау, әрі ойпаңдау жерге қуатты қолының күшімен ырғап-ырғап кіргізеді.Сонда жерге жарты құлаш бойы кірген найза орнынан бұрық етіп су атылып шығады. Қуанған, әрі өз ойының дұрыс болғанына риза болған Сатай батыр сол шағын сайды найзамен ат үстінде тұрып қуатты күшпен найзаны шаншылап, ырғап жүріп бірнеше жерден су шығарады.Шөлдеп келген жасақтары мен  шөлдеген аттары Сатай батырдың тағы басқа да батырларысай ішін найзамен ырғап тесіп шығарған мөлдір суымен шөлдерін басады.Ертесі Сатай батыр бұл жерді «Найзатапқан»-деп атаймыз» деп осы маңдағы тұрып жатқан қазақ ауылдарына Сатай батыр шабармандарын жібереді.Сайдан батырлар қолындағы найзаның ұшымен жерге шаншылған жерден бастаулар бұрқылдап шыққан .Хабаршылар енді: «Малдарыңды суарыңдар. Ол жердің аты: «Найзатапқан»-деп аталады» –дейді хабаршы шабармандар. Батырдың айтқанын халық сөзссіз орындаған.  Егер  бұл  жердің атауы «Найзатабылды»  болса: «Е, мұнан  найза  табылған екен ғой» - дер еді халық. Найзатапқан – деген  атауының  аржағында  найза  өзінен-өзі бірдеңені таба  алмайтыны айдан анық. Найза өздігінен  қозғалмайды. Найзаны әлде кім қолымен  қозғалту арқылы бірдеңені жерден табады  ғой. Міне  бұған  нақты жауап- Сатай  батырдың  өз найзасын  жерге өте қуатты  қолымен  шаншып  тұрып ырғап-ырғап  жіберіп, су шығарды . Содан кейін бұл суды адам қолы емес , адамның қуатты қолымен  жерге  ырғалып  кірген  найза тапты.Содан соң Сатай  батыр  бұл жерді Найзатапқан -  деп  атады. Бұл нақты дәлел, шынайы шындық! Қазір де бұл сай Найзатапқан  деп аталып  келеді.

Кеше Қорғас өзенінің жанынан монғолша аталған Гункөл көл-«Алтынкөл» -деп аталса, енді мына суы әр жерден  атқылаған сай-Найзатапқан деп аталды. Осы екі атау да күні бүгінге дейін Алтынкөл және Найзатапқан деп аталып келеді. Сатай батырдың не деген нақтылығы десеңізші. Найзатапқан деп аталуының  өзі және Сатай батырдың бұл атауын бүкіл халықтың бірден қолдап кетуінің өзі Сатай батырды «Қызыр шалған адам екен» - деуін тағы да бұлтартпас айғақпен нақты дәлелдеп тұр.Найза нені тапты? Әрине, суды тапты.

Найзатапқанда оннан астам жерден  бұлақ көздері бүгінге дейін бүлкілдеп шығып ағып жатыр.Ол сулардың емдік қасиетінің өзі өте жоғары болды.Аяғы, белі, асқазаны ауырған адамдар осында көктемнен бастап келіп  суық күзге дейін емделіп,ауруынан  Панфилов ауданының  Ынталы  ауылының шығыс жағындағы жеті  шақырымдай жерде Сатай батыр атаған Найзатапқан сай  бар. Бұл сайдың әр жерінен шығып жатқан  оншақты  шағын  бастаулардың  суының  емдік қасиетін  пайдаланған  халық  ерте көктемнен  күзге дейін  шатырларын  құрып  алып, өз беттерінше  жыл сайын  емделіп  жүр. Сатай  батырдың  найзасының  жерге кірген  ұшының  орындарынан  шығып жатқан  бұлақтардың  емдік  қасиеттерінің  болуының  өзі де көп нәрседен  тағы да аян беріп тұрғандай.

Мен бұл мақаламда Сатай батыр бабамыздың монғолдың соңғы жасақтарын монғолдың  шекарасына кіргізіп жіберіп қайтқан сапарындағы үш нақты, тарихи айғақты оқиғаға тоқталдым. Бүгінгі біздер, әсіресе жас ұрпаққазақ жерінің Қазақ мемлекетіне өзінен-өзі беріле салмағанына тоқталдым.Қазақ елінің «тарихи сызба шекарасы болған жоқ»- деген бірді- екілерге айтарым 1920 жылы 24 тамызда Қазақ елінің тұңғыш басшысы Әлихан Бөкейхановты  Ленин қабылдап,Ә.Бөкейханов ұсынған Қазақ елінің сызба картасына қолын қойып бекіткен.1920 жылы 24- тамызда Ленин қол қойған Қазақ елінің сызба картасы сол кездегі газеттерге 1920 жылы 26-тамызда басылған.Білмегендер осы деректі жадыларында сақтаса демекпін.

Қазақ Совет энциклопедиясында және «Қазақ ханы-Абылай» атты ғылыми деректі екі томдық кітапта тағы басқада  тарихи-ғылыми еңбектерде  бірінші болып- Сатай батырдың аты аталады.Осының өзі-ақ Сатай батырдың батырлар арасында алдыңғы  орында тұрған өр тұлға екенін айқындап та, дәлелдеп те тұрғанын айқын көрсетеді.

Екінші айтарым Сатай батырдың жасақтарының шатырларының бәрі иленген жылқы терісінен жасалғаны жөнінде ауыздан-ауызға көшкен бұлтартпас әңгімелер бізге жетіп отыр.Сонда иленген жылқы терісінен тігілген шатырлардан нөсерлеп жауған жаңбыр бірнеше күнгесозылса да су өтпейді және қатты суықтарда іштегі жылуды сақтайды,жақсы иленген жылқы терісі қатпайды екен.Осының бәрі Сатай батырдың тұрмыстық салада да білгір  екенін көрсетеді.

Сатай  батырдың  төрт әйелі  болған екен деген аңыз бар. Бірінші әйелінен  туған  екі ұл баласы шешесімен   бірге  Сатай батыр өзі туған Сарыбелде  қалған. Бүгінгі күні  Сарыбел  және Жаркент   аймағында  «Сатай  батыр руынанбыз»- дейтін  азаматтар көп. Олар Сатай  батырдың  екі ұлынан  өсіп-өнген  ұрпақтары. Қазақстанымыздың  басқа да  жерлерінде «Сатай  батыр ұрпағымыз»- дейтіндер бар. Олар Сатай батырдың  өзге үш әйелінен тараған ұрпақтар екенін  жақсы біледі. Ол  жаугершілік  заманда монголдарды  жерімізден  қуып шығудың қиян-кескі, жан алып, жан беріп  жүрген кезде батырлар  әйелдерін , балаларын  атқа мінгізіп  өзімен  бірге  алып  жүрмеді.Батырлар  аттың жалында, түйенің  қомында жүрді. Сондықтан  да әйелдері  батырдың  әйелі екенін  жасырып  ауыл-ауылда  қалды. Батырдың  әйелі  екенін  білсе  жасырынған  монголдың жойыттары  батырдың  әйелін балаларымен бірге  қырып кетер еді  сол заманда. «Сақтансаң  сақтаймын»- деген  Алла  сөзін  батырдың  әйелдері  ол заманда  пана тұтқан, жан сақтаған.

Асылдарымыз бен батырларымыз, даналарымыз көп болсын деп Сатай батыр жайындағы үш айғақты деректі оқырмандарымызға ұсындым.

Садық Жұмабай,

Қазақстан Журналистер Одағының Балғабек Қыдырбекұлы атындағы сыйлықтың иегері

Пікірлер