Ораза ұстап опық жесек, кімді кінәлаймыз?

6931
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын Рамазан айы басталғанда, ел ішінде түрлі жағдайлар болғанын естіп, біліп жатамыз. Естеріңізде болса, бірер жыл бұрын ораза ұстаған бірнеше адамның түсініксіз жағдайда көз жұмғаны туралы ақпар тарап еді. Ол адамдар ұстаған оразадан емес, дәл сол кезде тарап жатқан жұқпалы ауру салдарынан болған оқиға екенін кейін белгілі болып еді.

Биыл да сондай келеңсіз жағдай туралы жазба әлеуметтік желіде тарады. «Бір келініміз аяғы ауыр болса да ораза ұстап жүрген.  Бес айлық баласын уақытынан ерте туып қойды. Медиктер адам болуы беймəлім, аман қалса да, кемтар болады депті.  Келіннің əуелгі ниетінде Алла жәрдем береді деп ойлаған болар. Қайнайды қаның, ашиды жаның. Бес айлық баланың обалын айтсаңшы. Дүмшеліктің де шегі болу керек қой! Енді келінім өзі қан жылап отқанда бірдеңе деуге аузың бармайды»,- деп жазды желі қолданушы Аліби Манаш. Осы жазбаға қатысты пікір білдіргендердің көбісі жүкті, емізулі келіншек ораза ұстамаса болатынын жазуда.

Алайда солардың ішінде Дидар Шыныбек деген бір келіншек: «Жүктіліктің 8айында ,2020жылы Ораза ұстадым,өте жеңіл керемет жүрдім,ішім үлкен болды,ұл керек еді (бірақ енді шілиии ұл ұл деген жоқпын,дені сау болсын деп кім болса да ) врачтар іші дәу деп қорықты, мен қорықпадым  ұлым 4кг 925грамм болып туылды.Толғақ женіл болғаны сонша қалай туғанымды білмей қалдым. Дені сау бойы 61,см болып 12.06.2020 күні шекесі торсықтай Алпамыстай ұл тудым, есімін Омар деп қойдым!!!Алланың қалауы ғой бәрі !!!» деп жазса,  ал Айнур Майданова : «Дәрігерлер айта береді! Келініңіздің ниеті түзу болса болды.Бір Алла өзі реттейді! Тек Алладан үмітін үзбесін баласынан денсаулық пен өмір сұрай берсін!»,- деп жұбату жазба қалдырыпты.

Бұл жерде айтпағымыз, дінді немесе оразаны теріске шығару емес. Мынадай түсініктегі адамдардың қоғамда көбею қаупіне назар аудартқымыз келеді. Ораза ұстаса да, шекесі торсықтай Алпамыстай ұл тууға болады және дәрігер емес, Алла бәрін реттейді деген пікірді оқыған кез келген діннен хабарсыз, ақылы толыспаған адам денсаулығын құрбандыққа шалуы мүмкін ғой?! «Бәрі Алланың қолында» деп ашық тұрған электр сымын ұстайсыз ба? Қоғамда осындай таяз түсінікті адамдардың көбеюі діни сауатсыздық пен діннің дұрыс насихатталмауынан, жалпы білімсіздіктен емес пе?

«Біздегі діни таным, түсінік негізінен әлдекімнің ауызекі айтқан діни уағыздарын қабылдаумен қалыптасуда. Мысалы, қазір мен біреуге пәлен сүренің, түген аятында «ораза ұстау бүкіл адамға парыз» деп жазылған десем, осыны тыңдап отырған адамыңыз өз бетімен сол аятты ашып, оқып, не жазылғанына көз жеткізбейді де. "Пәленше солай деген" деп осы айтқанымды басқасына жеткізе береді. Былай қарасаң, технология дамыған, интернет бар заман қазір. Алайда өз бетімен  ізденіп, оқып, білуге ұмтылатын адам өте аз. Дәл сол сияқты, жүкті әйелдің ораза ұстауын да мен осындай сауатсыздықтан деп білемін.  Иә, діни түсінікке салсақ, берген  де – Алла, алатын да – Алла екені рас.

Алайда, Алланың өзі  де «сақтансаң – сақтаймын» демей ме? Яғни, амалдарын да орындау керек. Сонымен қатар ораза парыз болса, әр пенденің денсаулығы – Алланың аманаты екенін ұмытпау керек. Парызды орындап, аманатқа қиянат жасау қаншалықты қисынды? Түптеп келгенде, қайғылы оқиғалар оразадан емес, ораза, діннен хабарсыз, дүмшелердің әрекетінен дер едім»,- дейді дінтанушы, Анкара университетінің магистранты Дархан Мұқасан.

«Әр адам өз денсаулығына жауапты. Осындай жауапкершілікті сезінбеудің салдарынан қоғамның саулығына қауіп төнуде. Мысалы, соңғы уақытта Қазақстанда неліктен ауру балалар саны күрт артты? Баланың саулығы үшін алдымен ата-анасы жауапты. Біздің кей жастарымыз ішімдік ішіп, текмекі тартып жүріп «бала жасайтыны» жасырын емес. Сонымен қатар, әлдебір діни түсініктердің де әштегі шарана үшін зиян болатынын кейбірі біле бермейді. Мысалы, сөз болып отырған ораза ұстаған жүкті әйелді алып қарайық.

Ішінде толық дамып жетілмеген шаранасы бар әйел қалай күн ұзаққа сусыз, тамақсыз жүрмекке бел буды? Іштегі  сәби үшін керісінше көбірек құнарлы тамақ ішіп, денсаулығын дұрыстауды ойлаудың орнына, ораза ұстау ақылға қонымсыз дер едім. Сосын, қазір қит етсе, кінәні дәрігерге аудару  әдетке айналды. Ауырғанда, ем іздеп дәрігерге келетіндер, сауығып кетсе, «Алланың арқасында»дейді де, ал егер сауықпай жатса, «дәрігердің сауатсыздығынан» дейді. Қорыта айтқанда, мұның бәрі қоғамның білімсіздігінен дер едім»,- дейді бізбен сұхбатында акушер-гинеколог  Ғалия Сапарқызы.

Мұқаш МҰРАТҰЛЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер