Шымкент қаласында 7400 адамға ковидке қарсы вакцина егілді. Оның ішінде медицина қызметкерлері – 4607, мұғалімдер – 2244, құқық қорғау органының қызметкерлері – 188, өзге топтағылар – 361.
Бұл жөнінде қала әкімі Мұрат Әйтенов «Отырар» телеарнасындағы тікелей эфирде өткен «Халық пен билік» бағдарламасында хабардар етті. Эфир барысында Шымкенттегі эпидахуал, коронавирустың ықтимал толқынына дайындық, дәрі-дәрмек қоры жайында айтты. Сонымен бірге бағдарлама кезінде хабарласқан, әлеуметтік желіге жолдаған тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Шымкентте эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін айтқан қала басшысы тұрғындар арасында маска режимі мен әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және қала тұрғындарын адам көп шоғырланған жерге барудан бас тартуға шақырды.
- Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1380 төсек-орын дайын. B және С сценарийлері бойынша 5 мың төсек-орын дайындалады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 117 мобильді топ жұмыс жасауда. Дәрі-дәрмек қорына келер болсақ, өткен жылы осы коронавирусқа қолданылатын дәрілерге деп 180 млн теңге бөлінді. 15 мың адамға жеткілікті дәрі бар. Биыл тағы 659 млн теңге көлеміндегі тұрақтандыру қорына қаржы бөлінбек. Осы жұмыстар нәтижесінде дәріханалардағы дәрі бағасы 15-30 пайыз төмендеді. 21 КТ, 32 рентгенаппарат, 615 ӨЖЖ аппараты бар. Демек, 615 реанимациялық орынға ИВЛ жеткілікті. Өздеріңізге белгілі былтыр газ толтыру станциясын іске қостық. Ол арқылы Шымкентті ғана емес Түркістан облысына да көмектесе аламыз,- деді шаһар басшысы.
Ковидпен ауырған науқастар ауруханада тегін емделетінін, қандай да заңсыздықтарға тап болса бірыңғай колл-орталыққа хабар беру керектігі жөнінде ескертті.
Дәрігерлер тапшылығы жоқ па деген журналистер сауалына Мұрат Әйтенов қаладағы медициналық колледждердің студенттерін де резервке дайындағанын жеткізді.
Бұдан өзге, тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік, жол, инфрақұрылым, көше атаулары секілді мәселелер қозғалды.
Атап айтқанда, биыл 253 шақырым жолдың мәселесі шешіледі. Негізгі басымдық шалғай аудандар мен орамаішілік жолдар болады. Тасымалды сумен қамтамасыз етіліп жүрген 7 шағын ауданға сапалы ауыз су беріледі.
Қоғамдық көліктерге келер болсақ, өткен жылы қалаға 590 автобус әкелінді. Алайда газ бекеттерінің толымдығыға орай тек 150 автобус бағыттарға бөлінді. Биыл мамыр айында екінші газ бекіті іске қосылса 200 автобус бағыттарда жүретін болады. Қалғаны толығымен 4 ай ішінде жұмысқа кіріседі.
Сондай-ақ, қала әкімі биыл атауы жоқ көшелер мәселесі де 100 пайыз шешімін табатынын айтты. «Комиссиямен көше атаулары бекітілді, тек тақтайшаларды дайындап орнату жұмыстары қалды» деді.
Бағдарламаны қорытындылай келе, әкім Мұрат Әйтенов елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты барынша үйде болуға, өзіміз бен туыстарымызды вирустан қорғауға шақырды. Өткен жылдағы қателікті қайта қайталамай, барынша сақтануды және вирустың таралуын болдырмау мақсатында вакцина салдыруды ұсынды.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі