Жеркомның халықты алаңдатқан жер тағдыры мәселесіне түкпілікті нүкте қоя алмай, тағы да 5 жыл жерге қатысты мораторий жариялануын біздің жеңісіміз деп санаған Мұхтар Тайжанмен келіспеймін. Себебі, сенатта қазір Орман шаруашылығы санатына қатысты жерлерге арналған заң жобасы талқыға түсіп жатыр. Тіпті орман шаруашалығына арналған санаттағы жерлерді де ауыл шаруашылығы жерлерінің қатарына кіргізуге болады.
Жеркомда ауылшаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтарына сату немесе жеке меншікке беру жайы талқыланды. Басқа да жер санаттары кең масштабта талқыланбады. Негізі Жеркомның басты мақсаты мен жұмысы - Қазақстанның қай санаттағы жері болса да шетелдіктер мен Қазақстанның азаматтарына сатылмайды және жеке меншікке берілмейді деп шешім жасап, парламентке жіберу болатын еді. Оны жасамады. Жасай алмайды. Латифундистер оған қазір мүмкіндік бермеді. Латифундистер де ақымақ емес, олар да ішкі және сыртқы саясатты мұқият қарап отырған, қалталы олигархиялық топтар. Халықтың бұрқ етіп көтерілуінен олар да қорқыпты. Сондықтан өгізді өлтіріп алмаудың жолын тапты.
Қазір біздің елде "бір ғана адамның ықпалы" деген сөз көнерген сияқты. Ауылшаруашылығы министрін "жерді сатуға болады" деп сөйлетіп отырғанынан латифундияның қаншалықты ықпалды екенін аңғаруға болады. Қазақстандағы латифундия өте жақсы ақылдасыпты.
Бір жағынан жерге тағы да 5 жыл мораторий қойғаны да жақсы болды. Қоғамда, әсіресе көзі ашық, жердің тағдыры үшін алаңдаған азаматтардың ақпараттық майдандағы дайындығына да мүмкіндік берілді. Алдағы 5 жылда талай дүние пісіп жетіледі.
Жер сатылмайды немесе жеке меншікке берілмейді деп қуануға қазір болмайды. Мораторий тағы да 5 жылға қойылды деп босбелбеу болуға да болмайды. Қазір сенатта Орман шаруашылығы санатындағы жерлерге қатысты мақұлданбаған құжаттар қаралып жатыр. Бұл заңды сенаторлар қарап жатыр. Онда 48 баптың 2-тармағында былай делінген:
«Сауда-саттықтың (конкурстардың, аукциондардың) жеңімпаздарына – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға ауыл шаруашылығы өндірісін, орман өсіруді, қосалқы ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері 25 жылға дейiнгі мерзіммен жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға беріледі». Осы жобаның да өтіп кетпеуін қоғам назарына азаматтар салып отыруы керек.
Көрдіңіз бе!?
Өкінішке орай, біздің кейбір депутаттарымыз да осы заң жобасының қандай негізде, қай санаттағы жерлерге заң жобалары дайындалып, сенатта қаралып жатқанынан хабары жоқ екен. «The Qazaq Times» порталының журналисттері Айдос Сарымнан сұқбат алғанын тегіс оқып шығып, ішім жылымай кетті. Оны Мият Кәшібайдың парағынан оқып шығыңыз.
Сөздің тоқ етері, принцип емес, заң керек. "Жер шетелдіктерге де, Қазақстан азаматтарына да сатылмайды және жеке меншікке берілмейді". Бұл заң қабылданбай ештеңе шешімін таппайды. Егер жер өзіміздің азаматтарымызға сатылса, онда бұл мемлекеттің тәуелсіздігі мен ұлттық қауіпсіздікке тікелей соққы болады. Осыны ұмытпаңыздар!
Мұхтар Тайжанның "біз жеңіске жеттік!" дегенімен келіспеймін. Себебі, негізгі мәселелер шешімін тапқан жоқ, бар болғаны тағы да 5 жылға мораторий жарияланды. Күрес әлі алда. Қасиетті Жер! Жер біздің ең басты құндылығымыз! Бұл сіздің де, ұрпағыңыздың да тағдыры!
"Адырна" ұлттық порталы