Өртеніп жатыр: Сауд Арабиясы жойқын шабуылға ұшырады

6626
Adyrna.kz Telegram

Йемендік «Ансар Алла» қозғалысы (хуситтер) дрондар мен зымырандарды қолданып, Сауд Арабиясына шабуыл жасады. Хуситтер Сауд Арабиясының оңтүстігіндегі Джизан қаласында орналасқан әскери нысандар мен мұнай қоймасына соққы жасаған. 15 сәуірде жасалған соққыдан Saudi Aramco компаниясына тиесілі  мұнай қоймасы отқа оранды. 

«Ансар Алла» қозғалысының генералы  Яхья Сари 11 дрон және зымырандар көмегімен тек қана мұнай қоймасын емес, сонымен қатар әскери нысандарды да соққыға алғанын, тіпті Patriot зымыраннан қорғау құрылғысын да шабуылдағанын айтты.

Сауд Арабиясының билігі шабуыл салдарынан үлкен шығын келмегенін айтуда. Дегенмен интернетте мұнай қоймасы өртеніп жатқан видео тарап кетті. Джизан қаласының маңында зымыран шабуылынан өрт пайда болған. Бұл хуситтер тарапынан жасалған алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін де хуситтер дрондар көмегімен бірнеше мәрте соққы жасап, қыркүйек айында тіпті Сауд Арабиясының мұнай өңдеу зауытын істен шығарып, елді миллиондаған доллар шығынға ұшыратқан болатын.

2014 жылдан бастап Йемендегі азамат соғысына Сауд Арабиясы бастаған коалиция араласып келеді. Соғыс салдарынан 20 мыңнан астам адам қаза тауып, 3 млн адам босып кеткен. БҰҰ соғысты дереу арада тоқтатып, тараптаржы келісімге келуге шақыруда.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер