Сарапшылар пікірі: «Үй бағасы енді арзандамайды»

2475
Adyrna.kz Telegram

Қазақстанда үш ай бұрын үйдің де бағасы қымбаттады. Бірақ үкіметтегілер тиімді түрде үй алуға болатын 7-20-25, Нұрлы жер, Баспана Хит секілді бағдарламаларды жалғастыра беретінін айтады, деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.  

Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев бүгін «Баспана Хит» бағдарламасына бөлінетін қаржыны 600 миллиард теңгеге дейін өсіріп, оны жыл соңына дейін игеруді жоспарлап отырғанын айтты. «Мамыр мен маусым айларында баспана құны бір ретке келеді» деген сарапшылардың да болжамы орындалмауы мүмкін. Өйткені қазір құрылыс материалдары қымбаттап кеткен.

Жыл басынан бері зейнетақы қорынан ақшасын алуға 210 мың қазақстандық өтініш беріпті. Оларға 1 триллион теңгеден астам ақша бөлініп қойған. Ол ақшаның 99,4 проценті үй сатып алуға немесе ипотеканы жабуға жұмсалған. Үш ай бұрын баспананың қымбаттап кеткені де содан.

Ипотекалық тұрғын үй займдарын қайта қаржыландыратын компанияның маманы Айбар Олжаев «енді екінші нарықтағы үйлер де, жаңа баспаналар да арзандамайды» дейді.

«Дәл қазір үй бағасы түседі деп айта қоймаймын. Квадрат метрі мысалы 300 мың болса ақырындап 310 мың болады, сосын 320 мың болады. Сол жалпы үйдің бағасына 500 мың, миллиондап қосыла береді. Сырттан алдыратын құрылыс материалдары қатты қымбаттаған. Ол валютаның курсына байланысты», - дейді «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ Сыртқы байланыстар қызметінің бас менеджері Айбар Олжаев.

Яғни үйге керектінің барлығы бізге шетелден келеді. Сондықтан ешбір құрылыс компаниясы қымбаттаған құрылыс материалынан салынған үйді арзанға бермейді.

«Үйдің бағасын ешкім арзандата алмайды, тек мемлекет пәтерлерді көптеп салып, үй сатушы компанияларға бәсекелес бола алса ғана баға аздап түсуі мүмкін», - дейді маман.

Ал сапасы бизнес кластағыдай болмаса да Үкімет жылда миллиондаған шаршы метр пәтер салады. Қаңтардан бері мемлекеттік бағдарламамен 23,663 баспана берілген. Жыл соңына дейін үкіметтегілер 17 миллион шаршы метр үйді пайдалануға береміз деп отыр.

«Ағымдағы қаңтар-наурызда 2,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың кезеңінен 8,6 пайызға жоғары. Павлодар облысынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Тұрғын үйді ең көп 5,9 есе пайдалануға беру Шымкент қаласында байқалды», - дейді ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев.

Ал, ұлттық статистика бюросындағылар наурызда 52,673 үйді сатып алу-сату келісімшарты жасалғанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4 есеге көп екенін жариялады. Яғни, үйге деген сұраныс ай сайын өсіп келеді.

Өткен айда баспана сатып алған 52 мыңнан астам қазақстандықтың 40 мыңы көпқабатты үйден пәтер алыпты. Ең көбі Маңғыстау облысының тұрғындары: бір айдың ішінде 9852 адам баспана сатып алған. Ал, Солтүстік Қазақстан облысында керісінше, үй алғандар аз: 687 адам.

«Жыл соңына дейін 17 миллион шаршы метр үйді пайдалануға береміз» деген шенеуніктер бүгін Үкімет отырысында нарықта үйдің бағасы неліктен қымбаттағанын, тағы қалай құбылуы мүмкін екенін айтпады.

Пікірлер