"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша биыл 47 мың жер телімі тегін беріледі

2492
Adyrna.kz Telegram

ҚР Инвестициялар және даму министрлігі алдағы 15 жылдың ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтарға 630 мың жер учаскесін беру жоспарланып отырғанын айтты.

«Жер беріледі. Бірақ ол жерге инженерлік желілер тартылуы қажет. Елбасының тапсырмасы бойынша жыл сайын 80 млрд. теңге сол инфрақұрылымды тартуға бөлініп жатыр. Ондай қаржы бірінші рет беріліп отыр. Биыл ол қаражаттың көлемі 80 млрд.-тан көп, 86 млрд. берудеміз. Ақшаны әкімдіктерге үлестірдік. Енді, олар инженерлік желілерді тартып, халыққа беруі керек», — деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй шаруашылығы жөніндегі комитет төрағасы Мархабат Жайымбетов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Комитет басшысының айтуынша, өткен жылы 100 миллиардтан астам қаржы бөлінген. Осы ақшаға 110 мың жер учаскесіне инфрақұрылым тартылуы қажет.

«Енді, сол 110 мың учаскенің шамамен 53 мыңы — бұрын берілген жерлер (ол жерлер инженерлік желілерсіз берілді). Ал 47 мың жер учаскесі жаңадан жасақталуы шарт. Биылға тағы 86 млрд теңге, сөйтіп ағымдағы жылы ол жұмысты (жаңа учаскелерді жасақтауды — авт.) аяқтайды. Осылайша, біздің жоспарымызға сәйкес, республика бойынша жыл сайын 42 мың жер учаскесі таратылады.

Ал алдағы 15 жылдың ішінде 630 мыңдай учаске берілетіні күтілуде. Биыл әкімдіктер жаңағы айтқан 47 мың жер учаскесінің инфрақұрылымын аяқтауы тиіс.

Пікірлер