Алматы облысы, Кеген ауданына қарасты, Шырғанақ ауылының жаңа әкімі ауыл тұрғындарының келісімінсіз ауысып, халық наразылығын тудыруда, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі. Бұл туралы әнші Рамазан Стамғазиев өз Instagram парақшасында мәлім етті.
Рамазан Стамғазиевтің сөзінше, 20 минутта ауысқан жаңа әкім сайланар алдында ауыл тұрғындарымен еш санаспастан бұрынғы әкім Бекбатыров Оразбайды әкімдіктен түсіріп тастаған. Ол Instagram парақшасындағы жазбасында:
"20 минутта ауыл әкімі ауысты неге?
Біз, сол ауылдан түлеп ұшқан азаматтар, Алматы облысы, Кеген ауданы, Шырғанақ ауылдық округінің бұрыңғы әкімі Оразбай Бекбатыровтың ауылға сіңірген еңбегіне көз жұмып қарай алмағандықтан осы постты жазуға тура келді.
Оразбай Бекбатыров Шырғанақ ауылының өркендеуі үшін тек ауыл тұрғындары ғана емес, сол ауылдан неше жыл бұрын кетіп қалған біздің де басымызды қосып, сол ауылдың өркендеуіне, заманауи талаптарға сай болуына үлес қосуымызға мұрындық болды. Бұл кез-келген әкімнің ойына келе бермейтін нәрсе.
Ауылдағы футбол алаңы, ардагерлер ескерткіші, жарамсыз қалған үйді пайдалана отырып жасаған жабық спорт кешені, ауылдың тоқсан жылдық мерейтойы мен қатар кітап шығарып,еш үкіметтің қаржысысыз, спонсорлар жинауының нәтежиесінде өткізілген. Бәрі-бәрі сол Оразбай ағамыздың ерекше ұйымдастырушылық қабілеті мен ауылға деген махаббатының бірден бір куәсі. Оған тек ауыл тұрғындары ғана емес, сырттағы біз, аудан және облыс әкімдері де куә.
Ендеше неге сіздер, Алматы облыс әкімі,аудан әкімі,ауыл тұрғындары, ауылымыздан шыққан, ауыл үшін күйетін ауыл азаматын қолдамай отырсыздар? Сіздер сайлаған маслихат депутаттары мен Кеген ауданы әкімінің аппараты халық мүддесін емес, тек белгілі бір адамдардың мүддесін қорғап кеткенін көріп отырмыз!Ендеше ауыл азаматын қолдайық!
Менің ойымша ауыл белсенділері, жанашырлары бірігіп құқықтық мемлекетте тұрып жатқанымызды ескере отырып, құзырлы органдарға үндеу тастап, Оразбай Бекбатыровты Шырғанақ ауылдық округінің әкімі етіп қайта сайлау ұсынысын тастаймыз" деп жазды.
Ауыл тұрғындары, ҚР Президентінің 09.04.2014 жылғы, нөмірі 792 бұйрығының, 13-пунктіне қарсы келген аудан әкімі Байедилов Талғат Ескендірұлының шешіміне өз шағымдары мен наразылығын айтуда. Онда "ауыл әкімін, аудан әкімі жергілікті ұйыммен бірлесіп сайлауы қажет", делінген.
"Адырна" ұлттық порталы