Ковидке байланысты билікті сотқа берді

2210
Adyrna.kz Telegram

Қарағандыда коронавирусқа байланысты шектеудің күшеюіне байланысты бірнеше тұрғын сотқа азаматтық шағым түсірді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

Шағым иелері облыстың бас санитар дәрігері Юрий Залыгин қол қойған карантинді күшейту туралы қаулының күшін жоюды және шектеу шараларын заңсыз деп тануды сұрап отыр. Шағымда шектеу шаралары "қоғамды шошытып", "психологиялық қысым ретінде бағаланып отыр" деп көрсетілген.

— Шектеу шараларына қарсымын. Қоғамдағы көңіл-күй өзгеріп, әсіресе Наурыз алдында біздің бәрімізді жауып тастап, жекелеген тұлғалар пен бастама топтары пайда болған шақта шағым түсіру туралы ой келді. Жауапкердің мекенжайы бойынша сегіз шағым әзірленді. Бесеуі сотқа түсірілді, тағы түсіретіндер бар, – деді Азаттыққа шағымданушылардың бірі, заңгер Ирина Фурсова.

Оның сөзіне қарағанда, карантинді күшейту туралы қаулы азаматтардың еркін жүріп-тұру құқығы, тұтынушының тұтыну құқығы, еңбек ету құқығы, баланың білім алу құқығын бұзған. Соттар онлайн-режимде өткендіктен азаматтардың сотпен қорғалу құқығы да шектелген.

Тұрғындар шағымда шектеу шаралары бұл "биліктің диверсия мен сатқындығын бүркеу үшін Қазақстан халқы алдында қойған спектаклі" деп жазған. Олар індеттің келгеніне бір жылдан астам уақыт өтсе де және тұрғындар карантин талаптарын қатаң сақтап, үйде отырса да, денсаулық сақтау саласындағы шенеуніктер инфекцияны тежей алмады, адамдардың қалыпты өмірге оралуы үшін қажетті дәрежеде күреспеді деп санайды.

Азаттық тілшісі Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментіне хабарласып көрді. Бірақ олар "әрбір азаматтың шағым беруге құқығы бар" деп түсініктеме беруден бас тартты.

Қазбек аудандық соты бас санитар дәрігердің қаулысын заңсыз деп тануды талап еткен бес шағымның түскенін растады. Біреуі өндіріске қабылданған, біреуі шағым иесіне қайтарылған, қалғандары қарастырылып жатыр.

Наурыз айында Қарағанды облысы коронавирус бойынша "қызыл аймақта" тұрған кезде облыс ортылығы мен бірқатар елді мекендерде шектеу шаралары күшейген. Шенеуніктер науқастардың көбеюін Наурыз мерекесін бірігіп тойлаумен байланыстырған.

Елде індет басталғалы бері 256 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. 3129 адам коронавирустан қайтыс болған. Көптеген сарапшылар науқастардың шынайы саны ресми көрсеткіштен әлдеқайда көп деп санайды.

Елде тез жұғатын штамдар тарап жатқан шақта денсаулық сақтау министрлігі сәуір айының басында "реалистік сценарий" бойынша алдағы үш айда тағы 250 мың науқас тіркеледі, 127 мыңы ауруханаға жатады деп болжаған.

Пікірлер