Азық-түлік бағасы қымбаттаса кімдер жазаланады?

2957
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында өткен жиында «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз өсірмеу» мәселесі қаралды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматы, NEGE. Онда облыс әкімдігі мен ірі тауар өндірушілермен: «Яссы құс», «Асан-ата», «Береке» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Оған сәйкес тауар өндірушілер облыстың ішкі нарығындағы бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз қымбаттатпау жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиевтің төрағалығымен өткен мәжіліске ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, сауда үйлерінің иелері, наубайхана, базарлардың басшылары қатысты. Жиында жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылған шекті бағалар бірқатар аудан, қалаларда өскені айтылды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы жұмыртқа өндіруші кәсіпорынның бірі – Кентау қаласына қарасты «Яссы құс» ЖШС-і жыл басында С1 санатты тауық жұмыртқасын 1 данасын 44 теңгеден босатса, бүгінгі таңда бағасы 38 теңгеге төмендегенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, жуық арада қажетті 350 тоннадан астам күнбағыс майы тұрақтандыру қорына сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдіктері мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастырумен мереке және демалыс күндері халыққа тиімді бағада жәрмеңке өткізілуде.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласының аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі супермаркетте ұн, қант, картоп, сәбіз, пияз, күріш, макарон, тұз арзандатылған бағамен сатылуда. 2021 жылға егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамдық егіс құрылымына сәйкес, кеш пісетін картоп – 7,1 мың га, қырыққабат – 2,9 мың га, пияз – 2,0 мың га және сәбіз – 1,5 мың га егу жоспарланып отыр. Өндірілген өнім көлемі өңірлік тұрақтандыру қорын толықтыру үшін сатып алынады.

Ал, облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің мәлімдеуінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасын негізсіз өсірген бірқатар тауар өндірушілерге нұсқамалар таратылды. Нұсқама орындалмаған жағдайда, қолданыстағы заң шеңберінде тергеп-тексеру жұмыстары басталатынын баяндады.

Облыс әкімінің орынбасары бағаны тұрақтандыру мақсатында «Айналмалы схема» аясында несиелендіру жұмыстарының тым баяу жүргізіліп жатқанын айтты.

Сонымен қатар, тауарлық интервенция жүргізу, Тұрақтандыру қорында азық- түлік тауарларының қорын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз екенін ескертті.

Осыған орай, «Айналмалы схема» аясында сауда үйлері мен тауар өндірушілерге несие беру мәселесін одан әрі пысықтауды, апта сайын тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды, азық түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген өндіруші кәсіпорындар мен жеткізіп беруші кәсіпкерлер бойынша нақты жұмыстар атқару туралы тиісті тапсырмалар берді.

Пікірлер