Жүздеген адмирал Ердоғанға қарсы шықты

6330
Adyrna.kz Telegram

Түркияда 3-сәуір күні теңіз-әскери күштерінің 103 зейнеттегі адмиралы Ердоғанның партиясын "Монтре конвенциясын талқылағаны үшін" және әскерде "исламизация" жүргізгені үшін айыптады. « Стамбұл каналын салу үшін де, халықаралық келісімдердің күшін жою үшін де Монтре Конвенциясының ашық талқыланып жатқаны біздің алаңдаушылығымызды туындатуда», — деген ой білдірген адмиралдар. Бұл туралы  Ahval порталы мәлімдеді.

Монтре Конвенциясына 1936 жылы Швейцарияда қол қойылды. Конвенция негізінде Түркия Қара Теңіз бұғасын, Босфор мен Дарданелланы бақылауында ұстап, әскери кемелердің өтуін шектеп келген болатын. Адмиралдар бұл конвенцияны Түркияның дипломатиясындағы ең ірі жеңістің бірі деп атады. Ердоғанның саясатына қарсылық білдірген адмиралдар дәл осы конвенция Түркияға екінші дүниежүзілік соғыста бейтараптық сақтауына әсер еткенін атап өткен.

Түркия басшысы Ердоған "Стамбұл" каналын салуды қолдап отыр. Ол бұл канал арқылы экологиялық қаупі жоғары жүк таситын кемелер, мұнай тасушы танкерлер өтетінін де мәлімдеді. Алайда әскерилерді алаңдатып отырғаны сол, канал арқылы әскери кемелердің өтуіне рұқсат етілуі мүмкін. Бұл Монтре Конвенциясының принциптеріне қарама-қайшы болып келеді.

"Біз Монтре Конвенциясын талқылауға рұқсат беретін кез келген бастамадан бас тартуға шақырамыз. Конвенция Түркияның өмір сүруі және дамуы үшін аса маңызды. Сонымен бірге біздің әскеріміз бен теңіз-әскери күштері FETO (гүленшілер) тарапынан қасақана шабуылға ұшырап, соның салдарынан кәсіби мамандарды жоғалттық.
Осының барлығы бізге қарулы күштер конституциялық құндылықтарды қатаң ұстау керектігін көрсетеді.
Сондықтан да біз әскеріміз бен теңіз-әскери күштерінің Мұстафа Кемаль Ататүрік салып кеткен құндылықтар бағытынан тайқып кеткендей әсер қалдыратын әрекеттерді айыптаймыз. Ондай болған жағдайда Түрік Республикасы ішкі тұрақсыздықтар мен үлкен қатерге тап келуі мүмкін", - деген адмиралдар.

Адмиралдардың бұл қарсылығы Ердоғанды айыптау ретінде көрініп, оларды тексеру жұмыстары басталып кетті.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер