ШҚО: 19 елді мекенде су тасқыны болуы мүмкін

2755
Adyrna.kz Telegram

ШҚО Ақпарат орталығында өткен баспасөз мәслихатында су тасқыны кезеңі туралы сөз етілді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Nege.kz сайтына сілтеме жасап. 

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титовтың айтуынша, өңірдегі бірнеше ауданда су тасқыны қаупі бар.

«Алтай, Бесқарағай, Глубокое, Катонқарағай, Көкпекті және Тарбағатай аудандарындағы 19 елді мекенде су тасқыны болуы ықтимал. Құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері тасқынның алдын алуға және оның салдарын барынша азайту мақсатында бірқатар шараларды қолға алған», – деді ол.

ШҚО Жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Елдос Чикеновтың мәліметінше, өңірде 564 мың текше метр қар шығарылған.

Көлік және темір жолдардағы су өткізгіштер, көпірлер, арықтар мен каналдар тазаланды.

Республикалық және облыстық жолдар бойынша 271 көпір мен 2871 су өткізгіш тазаланған.

«Қазіргі уақытта облыста жазық аумақта қардың еруімен және өзендердің ашылуымен байланысты су тасқынының алғашқы толқыны болып жатыр. Гидрологиялық жағдай тұрақты. Өзендердегі су деңгейі қауіпті деңгейден төмен. Бұл кезең наурыздың екінші онкүндігінің соңынан сәуірдің екінші онкүндігінің аяғына дейін жалғасады. Сең жүрген кезде Бұқтырма, Күршім, Қалжыр, Ертіс, Үлбі, Уба, Тұрғысын өзендерінде мұз кептелісі пайда болады», – деді Елдос Чикенов.

Облыстық ТЖД жеке құрамы күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Өңір аумағында 2412 техника мен 370 мотопомпадан тұратын арнайы топ құрылып, 104 эвакопункт дайындалған.

Пікірлер