15 жасар оқушы өзен мен арықтарды тазартудың жаңа тәсілін ұсынды

3296
Adyrna.kz Telegram

Дәстүрлі Х Наурыз кездесулері аясында Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Ибрахим Әмзебек «Көпіршікті суды тазарту жүйесі» атты жаңа жобасын таныстырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Онлайн режимде өткен биылғы мерейтойлық кездесулер «Планета және пластик: адамзат экомәдениеті» тақырыбына арналады.

Су тазарту жүйесі арнайы технологияның көмегімен өзен мен арықтарда жиналған қалдықтарды автоматты түрде тазартуға көмектеседі.

«Мысалы, мынау өзенді немесе арнаны деп елестетейік. Біз резервуардың түбіне диагональ бойынша тесіктері бар құбыр қойдық. Ауа сорғысының көмегімен ол жерге ауа жеткізеді. Түтікшеден ауа көпіршіктері шығады, осылайша олар қоқысты әрі қарай өткізбейді. Ағынның көмегімен барлық қоқыстар бір жерге жиналады. Кейін қалдықтар сол жерден конвейердің көмегімен жиналады»,- дейді жас өнертапқыш.

Бүгінде дүниежүзілік су қорларының ластануы бүкіл адамзатты алаңдатып отыр. Осы маңызды экожүйелердің ластануы өмірге және планетада тұщы судың болуына қауіп төндіреді. Өзендер және олармен байланысты экожүйелер бізді тамақ пен өндірістік процестерге қажетті ауыз сумен қамтамасыз етеді, сондықтан олар адамның әл-ауқаты үшін өте қажет.

«Шамамен екі аптадан кейін жасанды ағын жүйесі іске қосылады. Су тазартуға көмектесетін жобаммен түрлі жарыстарға қатысуды жоспарлап отырмын. Жобаға қаржылық тұрғыдан қолдау көрсететін жан іздеймін»,- деді  ол.

Ибрахим Әмзебек қазір 9 сыныпта оқиды. 2018-2019 жылдары VEX IQ сайында Қазақстан чемпионы атанды. Сондай-ақ Америка құрама штаттарында өткен «Worlds VEX IQ» конкурсында жүлделі орын алды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер