Бас ұстайтын дәрежелі биігіңнен құлдырап құлап, сирақ ұсынғанға мәз бола құлдыраңдайтын құлдық кебіңнен қашан ажырарсың, Алаш жұрты? Сыбағаңды сығымдап уыстап, сылқита асап жатқандарға сығыраңдаған жарамсақ, жалтақ көзді қашанғы мөлите қадай бересің? Ойыншық ұстатқан баладай екі езуің құлағыңа жетіп, аспан мен жерді алақайлаған «Сүйіншіңмен» жаңғыртқанда, қазағыңа, халқыңа сүйініш емес күйініш қабаттайтын күлкілігіңнің тағы бір желкеңнен желкелеткенін ұқпадың-ау...
Өз еліңде, өз жеріңде отырған, қазақ ұлты-ау, өгейлеткен өміріңнен бір рет жұлқына атқып тұрып, азат елдің туған ұлы болып, тәуелсіз Отанның асқақ азаматы болып, әлі күнге дейін босағада қылқиған басыңды төрге неге озғызбайсың? Озсаң, сонда ғана анау дербес ауданын тартып алып, ардақты есімін Қарағандының бір түкпіріне жапсыра салған Қаздауысты Қазыбекті қорғай, қолдай алмағаныңды сезер ме едің? Сонда ғана 1991-дің қазанында аты өшкен Октябрьді аударып тастаймыз деп торғайды зеңбірекпен атқандай берекесіз әрекетіңнен қызарған бетті баса, безе қашар ма едің?
Қазақ республикасының тұңғыш Президенті ұлы Әлиханға өзінің Қарағандысының, не сонау Петропавл, не анау Павлодардың атын баяғыда-ақ беретін өз өкіміңді неге іске асырмайсың, Алаш жұрты? Өз талап-талқыңды неге орындамайсың, қазақ ұлты?
Неден қорқасың?
Елорданың атын бес-ақ минут бұрын Президент аталған адамның бес минутқа жеткізбей өзгерте салғаны есіңнен шығып кетіп пе еді?
Кім сонда, Алаш жұрты, қазақ ұлты, сені қорқытып, үркітіп еді?
Елдіктің еркіндігін, тәуелсіздіктің тауандылығын айғақтап батылдығымен сүйінтетін шынайы «Сүйіншіге!» не жетсін.
Мені жақтырсаңдар да, уәжімді «мусоркаға» лақтырсаңдар да өз еріктерің, қандастарым.
"Адырна" ұлттық порталы.