Белгілі айтыскер Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желі парақшасында президент Қ.Тоқаевқа арнайы үндеу жариялады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы дереккөзге сілтеме жасап.
Айтыскердің жазуынша, феминистер өткізген митингіден кейін өнер адамдарының әлеуметтік желі парақшаларында жазғандары өшіріле бастапты. Әлгі митингіге байланысты қарсы пікір білдіргендер мен хиджабты әнші, биші келіншектердің жазбалары өшіріле бастаса, көп ұзамай парақшаларының бұғатталмауына кепілдік бар ма?
«Аса құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы..!
Кешеден бері шуылдап жатқан әлеуметтік желідегі жағдайды оқып жатқан боларсыз... Әйелдер ас үйде отыра алмаймыз деп алаңға шығып кетті. Туларын желбіретіп алаңға шыққан феминистердің арасында әйел мен әйелдің төсектес болуына рұқсат сұрап жүргендер де бар екен... Шындығында олар рұқсатсыз-ақ қосылып жатыр. Сонда алаңға айқайлап шығып неге құқығымыз қорғалмады деп шыңғырып жүр? Онсыз да білгендерін жасап жатқан жоқ па?! Менің айтайым дегенім мүлде басқа әңгіме...
"Мен шет елге жиі ұшамын... Ұшып бара жатып та, келе жатып та түрлі кедергіге жиі тап боламын.. Жұрттың бәрі емін-еркін өтетін шекарадан мені жеке өткізеді, арнайы формадағы қызметкерлер жеке бөлмега апарып біраз тергеп барып жібереді.. Қайта-қайта қайталана берген соң неге бұлай боп жатқанын сұрастырдым... Сөйтсем бәріне “кінәлі” басымдағы ақ жаулығым екен... Мен орамал таққалы қоғамға қауіп тудырып жүр екенмін... Мен бір кездері телевизия саласында жұмыс жасадым. Сол кезде де орамалым үшін қайта-қайта сөз естуге мәжбүр болып, ақыры кетіп тынғанмын. Орамал таққан қыздардың Қазақстанда жұмысқа кіре алмай, шет елге көшіп кетіп жатқанын да білемін...
Құрметті Президент!
Қазақстандағы орамалды қыздардың құқығын сіз қорғамасаңыз кім қорғайды?! Олардың ер азаматты аттап өтіп, аттандап алаңға шығуға ұяты жібермейді. Қазақ тарихында елеулі із қалдырған Домалақ ана, Бопай ханшайым, Әлпеш ана, Гаухар ана, Ұлбике, Сара ақындар ақ жаулықтарына адалдық танытып алаштың аналарына айналған жоқ па?! Шаштарын қызыл-жасылға бояп даналықты дәріптеген кім бар?! Алланың әміріне бойұсынып жүрген арулар ертең елдің тұтқасы болар адал ұлдарды дүниеге әкелмей ме?! Адамның кеудесіне не дін кіреді, не жын кіреді! Қоғамға қайсысы қауіпті?! Біз сіздерге арқа сүйейміз. Кешеден бері инстаграм әнші қыздардың посттарын өшіріп тастап жатыр. Неге?! Себебі қазақ сияқты текті халықтың рухын таптауға әлем қыздарымыз арқылы кірісіп жатыр! “Жатыр өзімдікі” деп жар салғызудың артында қазақты тамырымен құрту саясаты жатыр.
Осы мәселе осы күйінде қалмаса екен", - деп жазды ақын.