Желкесінен сүйреп, еденге лақтырған. Өскеменде балабақша тәрбиешісі бүлдіршінді жұлқылап, еденге ұрған сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Almaty.tv-ге сілтеме жасап.
Оқиға «Арман» атты мектепке дейінгі мекемеде болған. Балалардың бірінің ата-анасы тәрбиеші ұлымен қатал екенін айтып шағымданады. Айыпты растау үшін олар мына видео кадрларын көрсеткен. Онда әлгі тәрбиешінің баланы ұстап алып, басқалардың көзінше жұлқылағаны анық көрініп тұр.
Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы бұл деректі растады. Видеодағы жанжал 17 ақпанда болғаны, ал баланың ата-анасы кеше арызданғаны мәлім болды. Қазір балабақша директоры мен тәрбиеші жұмыстан босатылған. Тәрбиешіге қатысты қылмыстық кодекстің 140-бабы, яғни кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал топтағы балалармен бүгіннен бастап психолог жұмыс істейді.
«Адырна» ұлттық порталы