Енді қазақша қате жазылса, заңмен қудаланады

5158
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілінде қате жазылған жарнамалар заңмен қудаланады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали өзінің парақшасында жазды деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Бүгін Мәжілісте бірінші оқылымда көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қабылданды. Заң жобасын дайындау жұмыс тобының жетекшісі ретінде оның жұмысы туралы қысқаша хабардар етуге рұқсат етіңіздер.

Жұмыс тобының 4 отырысы өтті. Онда қазақ тілінде сауатты жазуды талап етіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтетін 40-тан аса түзету ұсындық.

Өкінішке қарай, әлі де көшелердегі қазақ тілінде қате жазылған ақпараттан құтыла алмай келеміз. Сондықтан заң жобасында қоғамдағы көтеріліп жүрген сыртқы жарнамалар мен маңдайшалардағы, басқа да көрнекі ақпараттардағы қазақ тілінің сауатты жазылуы және мәтіндердің түпнұсқалы аудармасы бойынша қосымша талаптарды белгілеу көзделген. Бұл кәсіпкерлердің және әрбір азаматтың жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік береді деп санаймыз. Жұмыс жалғасып жатыр» деп жазды Б.Әбдіғали.

Пікірлер