Шымкентте карантин кезінде мемлекет 500 мыңға жуық тұрғынға көмек көрсеткен

1767
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов есепті кездесуінде айтып өтті. 2020 жыл бүкіл әлемді жайлаған індетпен күрес жағдайында өрбігенін айтқан қала басшысы елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантин кезінде Шымкенттегі 483 482 тұрғынға мемлекет тарапынан көмек көрсетілгенін мәлім етті.

Мәселен, Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» қоғамдық қоры арқылы 41 мың аз қамтылған отбасы көмек алған. Ал, Президенттің тапсырмасы бойынша төтенше жағдай және карантин кезінде кірісін уақытша жоғалтқан 428 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетілген. Яғни, бірінші кезеңде 285 мыңнан астам адамға, екінші кезеңде 143 мыңнан астам азаматқа 42 500 теңгеден көмек берілді. Одан бөлек, 28 мыңнан астам азаматтың коммуналдық шығыны мемлекеттік бюджеттен өтелді.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы бойынша 26 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі мүлік және табыс салықтарынан босатылған болса, 1482 кәсіпкердің 13 млрд. теңге несие төлемдері кейінге шегерілді. Індетпен күрескен медицина қызметкерлеріне түрлі өтем-төлемдер қарастырылды.

Мұрат Әйтенов өз сөзінде пандемия адам баласына үлкен қауіп төндіріп, өмір сүру дағдысын өзгерткенін және бұл денсаулық сақтау саласына үлкен сынақ болғанын айтты.

«Індет Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Осындай қиын сәтте алғы шепте жүрген медицина, полиция, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне, әскерилер мен еріктілерге, түсіністік танытып, жақынына жанашыр болған әрбір азаматқа алғыс айтамын! Сынақ сағымызды сындырған жоқ, керісінше біріктірді. Кемшіл тұстарымызды көрдік, жаңа бағдар алдық, қарапайым қарым-қатынастың құндылығын түсіндік, той-думандап жүретін бейбіт заманның бағасын білдік», -деді қала әкімі.

Естеріңізге салсақ, әкім есебі тікелей эфир арқылы «Оңтүстік», «Отырар», «Айғақ» телеарналары мен әкімдіктің ресми әлеуметтік желілерінде көрсетілуде. Тұрғындар сұрақтары мен ұсыныстарын 109 телефонына хабарласып қоюға немесе әлеуметтік желі арқылы жазуға болады.

Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Пікірлер