Үш баланы қағып кеткен жүргізуші іздестірілуде

2318
Adyrna.kz Telegram

Түркістан облысында үш баланы қағып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті іздестірілуде, деп хабарлады «Адырна» тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

14 ақпан Түркістан облысы Жетісай ауданында жасы кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.

Нақтырақ айтар болсақ, 14 ақпанда Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақаттарымен кәмелет жасына толмаған үш баланың жеткізілгені туралы хабарлама түсті. Аталған жайт бойынша полицейлер бірден тексеру жұмыстарын жүргізді.

Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай ауданындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, үш жасөспірім баланы соғып кеткенін анықталды. Нәтижесінде үш бала да ауруханаға жеткізілген. Яғни, 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақаттарымен ем қабылдаса, небары төрт жастағы бүлдіршін ауыр дене жарақатының салдарынан жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды.

Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде ҚР ҚК-нің 345-бабы (Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК-нің 347-бабы (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Бүгінде оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттардың «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұр-қара (мокрый асфальт) болуы ықтимал деп болжануда.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер