ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры «Алтын тобылғы» жүлдесінің лауреаттарын марапаттады.
«Алтын тобылғы конкурсымыз осымен екінші рет өтіп жатыр. Бұл мағыналы, мазмұны терең шара. Жастарға қамқорлық жасап, жас әдебиетке жол ашудың жартылай мемлекеттік, жартылай қоғамдық сипаты бар конкурсқа айналып жатыр. Алтын тобылғы деген аттың өзі қазақы сипат, ұлттық сипатты беріп жатыр. Оның негізгі құрылтайшысы — алғашқы Президент қоры. Ал идеяның авторы — Жазушылар одағы», — деп атап өтті өз сөзінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин.
Әдебиеттің жас өкілдерін ынталандыруды мақсат санайтын жобаға он сегізден отыз беске дейінгі дарынды қыз-жігіттер қатыса алады. Қазылар алқасының айтуына қарағанда, биыл ұсынылған шығармалар қатары артқан. 110 үміткерден алтауы үздік шыққан. Қанат Тілеухан мен Оксана Алмазоваға ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Былтыр поэзияда жүйрік табылмаған, есесіне биыл екі бірдей ақын үздік шықты. Олар Еркеғали Бейсенов пен Олжас Қасым. «Үздік проза» номинациясы бойынша Алмас Нүсіп «Алтын тобылғы» иегері атанды. Драмматургияда Әлібек Байбол жүлде алды. «Үздік балалар шығармасы» бойынша Серікбол Хасанның туындысы аталды. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіздік тұғыры» тақырыбына арналған дүниелер арасында Татьяна Кретованың «Қазтабан» туындысының шоқтығы биік шықты. Кретоваға бір жарым миллион, өзгелеріне бір миллион теңге көлемінде сертификаттар тапсырылды.
Еркеғали Бейсенов, «Алтын тобылғы» жүлдесінің лауреаты:
- Бұл менің араға тура он жыл салып марапатталуым. Алғаш рет 2006 жылы өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде журналистикада жүлде алғам. Жалпы «Алтын тобылғыны» жүзден жүйрік мыңнан тұлпар шыққандарды өзінің әділ бағасын беріп марапаттайтын бірегей байқау деп білем. Себебі мұнда түскен шығармалар қазылар алқасының алдында аты-жөндері көрсетілмей түседі.
24.kz