Президент өз портретін жұмыс кабинетіне ілмеуді өтінді

4226
Adyrna.kz Telegram

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров өзінің портретін мемлекеттік ғимараттарға, жұмыс кабинеттеріне ілмеуді өтінді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Галина Байтерек мәлімдеді.

«Президент Садыр Жапаров қазір елдің жағдайын жақсарту үшін ештеңе істемедім деп есептейді. Сондықтан президент барлық мемлекеттік органдарға портретін ілмеуді сұрап жатыр. Портрет ілгісі келгендер Жусуп Абдрахманов, Исхак Раззаков сияқты елді нығайтуға қызмет еткен мемлекеттік қайраткерлердің суретін ілуге болады», – деді Байтерек.

Бұдан бұрын президенттің Оштағы резиденциясының директоры Санжарбек Төлөнбаев Садыр Жапаровтың кілемге тоқылған суретін кабинетіне іліп алғаны әлеуметтік желілерде қызу талқыланған еді. Санжарбек Төлөнбаев кілем Жапаров абақтыда отырғанда тоқылғанын айтқан.

Пікірлер