Бүгін Фариза ақынның туған күні!

3405
Adyrna.kz Telegram

Бүгін сыршыл сұлулықтың, ұлылықтың символына айналған Фариза Оңғарсынованың туған күні. Қара қылды қақ жарып, әділдікті жақтап өткен, поэзия падишасы, халықтың аяулы қызы тірі болғанда 81 жасқа толар еді. Қайсар қыз кішкентайынан әдебиетке жақын болып, ақындық қасиеттерін таныта бастаған. Ақынның әдебиет деп аталатын азабы көп ауылға келуіне жаратылыстың әкенің қаны, ананың сүтімен берген қасиеті.

Фариза біреу де болса, бірегей деген ұғымды білдіреді. Оның отты жырлары ұлттың қуанышы да, жұбанышы да болған. Фаризада өзінің талантына лайық тегеурінді мінез де болды. Талайды опындырған да, бірақ ақынды биік шыңға жетелеген де, дәл осы мінез болатын. Ол ең алдымен қалың қазақ жұртына шыншыл журналист ретінде танылды. Одан соң бірнеше газеттердің бас редакторы болып қызмет атқарды, парламент мәжілісінің депутаты болды.

Ақынның шығармашылығына тән басты қасиеті шындықты ту ететіндігінде еді. Тек жай жырлау емес, қазіргі замана талабының биік деңгейіне лайықтап жырлау Фариза шығармашылығының бір қыры болды. Ақын қыздың бала кезден санасына тоқып, қанына сіңіп алған адалдық, тазалық, ерекше талғамы мен талабы, осылай шыңдала берді. Жалған сөйлеген жанға бүйрегі бұрылмайтын тағы бір ерге тән қайсар мінезі бар-ды. Жырларында халқының тұрмыс-тіршілігі айқын бейнеленіп, оқырман жүрегіне бірден жол тартты. 75 жасқа қараған шағында дүние салған көрнекті ақын қазақ әдебиетін биік деңгейге көтеруге зор үлес қосып, жыр әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ақынның өзі өмірден озса да, сөздері мәңгі өшпес мұра болып қалары анық..  

Аяулым ТІЛЕУҚАБЫЛ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер