ЕҚЫҰ халықаралық байқаушылары кәсіподақтар федерациясының сайлау процестеріне қатысуынфң маңызды рөлін атап өтті

2156
Adyrna.kz Telegram

ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) байқаушылар миссиясының делегаттары Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы байқаушыларының республикалық штабында болды.

Делегацияны ЕҚЫҰ-ның электоральды шолушысы Михаела Сивич басқарды.

Кәсіподақтар федерациясы атынан бұл кездесуге ҚРКФ байқаушыларының Республикалық штабының төрағасы Нұрлан Өтешев, Нұр-Сұлтан бойынша байқаушылардың аймақтық штабының төрағасы Төлеген Күнәділов және ҚРКФ байқаушыларының республикалық штабының аналитик-сарапшысы Шерзод Пулатов қатысты.

Михаела Сивич кәсіподақтар федерациясының сайлауды байқауға қатысуының мақсаттары мен міндеттері туралы сұрады.

«30 жыл бұрын Кәсіподақтар Федерациясы өзінің қызметінің басты мақсаты – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүдделерін білдіру мен қорғауды белгілеп, мемлекеттік органдардан, жұмыс берушілерден және саяси партиялардан тәуелсіздігін жариялады.

2 миллион мүшесінің мүдделерін білдіретін Кәсіподақтар Федерациясы ең маңызды ішкі саяси процестерден тыс қала алмайды және сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын сақтауды қолдайды. Қараша айында біз байқаушы ретінде Мәжіліс пен Мәслихаттар депутаттарының сайлауына қатысу туралы мәлімдеме жасадық », – деп атап өтті Нұрлан Өтешев.

Ол шетелдік әріптестеріне кәсіподақтардан байқаушылардың Республикалық және аймақтық штабының жұмысы туралы, оның ішінде байқаушыларды оқыту шаралары, БАҚ-пен өзара іс-қимыл және ұйымдастыру жұмыстары туралы хабардар етті.

«Кәсіподақтар федерациясының байқаушылары ретінде ел бойынша шамамен 7000 кәсіподақ мүшелері қатысады. Кәсіподақ байқаушылары барлық сайлау кезеңінде азаматтардың сөз бостандығына құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған.Біз сайлау процесінің елдің заңдарына сәйкес өтуін қамтамасыз етеміз. Елдегі штабтардың басшылары саяси партиялармен, жұмыс берушілермен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, азаматтардың сөз бостандығын бұзуға жол берілмейтіндігі туралы ақпаратты жеткізді», – деді ҚКРФ байқаушылар штабының төрағасы.

Кездесу аясында ҚРКФ штабы мен мониторинг жүргізетін басқа үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимыл мәселелері де талқыланды.

Байқаушыларды даярлау жөніндегі жұмыс туралы айта отырып, Нұрлан Өтешев Сайлауды партиялық емес байқау орталығы аясында байқаушыларды оқыту жөніндегі Азаматтық Альянспен бірлескен бастамалары туралы айтты. Орталық бүкіл ел бойынша сайлау учаскелерін барынша қамту үшін байқаушыларды ең жақсы халықаралық стандарттар шеңберінде оқытады. Орталықта ҚРКФ мен Азаматтық Альянстан шамамен 11 мың байқаушы оқытылатын болады. Халықаралық ұйым өкілдері Қазақстандағы ЕҚЫҰ кеңсесінің байқаушылар миссиясының жұмысы туралы айтты.

Михаела Сивич ДИАҚБ бақылаушылары парламенттік сайлауды ЕҚЫҰ міндеттемелеріне және басқа да халықаралық міндеттемелерге, сондай-ақ демократиялық сайлау стандарттарына сәйкестігі үшін бағалайтынын баса айтты.

«Байқаушылар сайлаушылар мен кандидаттарды тіркеуді, үгіт-насихат жұмыстарын, сайлау әкімшілігі мен тиісті мемлекеттік органдардың жұмысын, сайлауға қатысты заңнаманы және оның қолданылуын, бұқаралық ақпарат құралдарын және сайлауға қатысты дауларды шешуді мұқият қадағалайды», – деді халықаралық сарапшы.

Кездесу барысында Кәсіподақтар Федерациясының сайлау процестеріне қатысуының маңыздылығы атап өтілді.

Тараптар бірауыздан ұлттық және халықаралық заңнаманың талаптарына сәйкес Қазақстанда ашық және әділ сайлау өткізудің маңыздылығын атап өтті.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы

Пікірлер