Жұмысты онлайн түрде іздеу мүмкіндігі бар

2380
Adyrna.kz Telegram

Жұмыспен қамту орталықтары - ҚР азаматтарына жұмыспен қамту қызметін ұсынатын «еңбек нарығындағы бірыңғай терезе». «Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты Алматы қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының баспасөз хатшысы Ташибаева Әсел Нұрланқызымен болды.

Қазақстанда қанша халықты жұмыспен қамту орталығы бар? Олардың негізгі мақсаты қандай?

– Қазақстан Республикасындағы жұмыспен қамту орталықтарының санына қатысты нақты жауапты тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ғана бере алады. Бірақ, Enbek.kz порталының мәліметтері бойынша, Қазақстанда 203 халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыс істейді. Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, "Халықты жұмыспен қамту туралы"жұмыспен қамту орталығы негізгі мақсаты төмендегідей:

11-бап. Халықты жұмыспен қамту орталығы

  1. Халықты жұмыспен қамту орталығы:

     1) халықты жұмыспен қамтудың жай-күйін бағалауды және дамуын болжауды, халықты еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар етуді жүзеге асырады;

     2) осы Заңда көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің қосымша шараларын іске асыруды жүзеге асырады;

     3) өтініш жасаған адамдарды осы Заңның 13-бабына сәйкес жұмыс іздеушілер ретінде тіркейді;

     4) жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік төлем тағайындау үшін тізбесін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген қажетті құжаттарды қабылдауды жүзеге асырады және оларды Мемлекеттік корпорацияға жібереді;

     5) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау бойынша қызметтер көрсетеді;

     6) жұмыс іздеп жүрген адамдарға және жұмыссыздарға жеке өзі барған немесе ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және (немесе) ұялы байланыс желісінің абоненттік құрылғысы арқылы өтініш жасаған кезде оларды лайықты жұмыстың бар екендігі туралы міндетті түрде хабардар ете отырып, лайықты жұмыс таңдауда жәрдемдеседі;

     7) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен өзара iс-қимыл жасауды жүзеге асырады;

     8) бос орындардың есебін жүргізеді;

     9) жұмыспен қамтудың жеке картасын жүргізеді;

     10) әлеуметтік келісімшарттар жасасады;

     11) жұмыс іздеп жүрген адамдарға, жұмыссыздарға және өтініш жасаған өзге де адамдарға еңбек делдалдығын көрсетеді;

     11-1) жұмыссыз ретінде тіркеу туралы анықтаманы өтеусiз негiзде береді;

     11-2) тіркелген жұмыссыздарға қатысты бюджет қаражаты есебінен және көрсетілген қызметтер үшін олардан төлемақы алмай, халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады;

     11-3) халықты жұмыспен қамту саласында көрсетілетін қызметтердің аутсорсингі туралы шарттың іске асырылу барысын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асырады;

     11-4) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы азаматтарының қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы өтініштерін қабылдайды;

     12) Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында көзделген жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын көрсетеді.

     2. Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Жұмыс іздеп жүрген адамдар жұмыссыз ретінде қалай тіркеле алады?

 Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңына сәйкес сіз бірден жұмыссыз ретінде тіркеле алмайсыз. Алдымен жұмыс іздеуші ретінде тіркелу қажет. Мұндай тіркеуді тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығынан немесе Egov порталы арқылы онлайн режимінде алуға болады. Жұмыспен қамту орталығына жүгінген кезде жеке куәлік қажет.

Жұмыспен қамту орталығы кімдерді жұмыспен қамти алады? Жалақы мөлшері қандай?

– Орташа жалақы 60 000- 85 000 теңге құрайды.Жұмыссыз азаматтарға тұрақты және уақытша жұмыс орындарына (жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары) жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі.

Жұмыспен қамту орталықтары жоқ ауыл тұрғындары кімге жүгінуі қажет?

Барлық дерлік ауылдарда өздерінің жұмыспен қамту орталықтары бар, олар болмаған жағдайда азаматтар облыстық жұмыспен қамту орталықтарына бара алады немесе электрондық еңбек биржасы Enbek.kz порталы арқылы қызметтерге онлайн тапсырыс бере алады.

Жұмысты онлайн түрде іздеу мүмкіндігі бар ма?

Азаматтар электронды еңбек биржасы Enbek.kz арқылы онлайн жұмыс іздей алады. Алматы қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді жинау және enbek.kz интернет-порталындағы жеке кабинеттерде бос жұмыс орындары туралы ақпаратты толтыру, сондай-ақ, осы саладағы заңнаманы түсіндіру бойынша тұрақты жұмыс жүргізеді.

Соңғы 3 ай көлемінде қанша адам жұмыспен қамтылды?

2020 жылдың басынан бастап Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы 34148 адамды тұрақты жұмыс орындарына орналастырды.Уақытша жұмыс орындарына 18649 адам жұмысқа орналыстырылды.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер