Төтенше жағдай қаупінен сақтану баршаның міндеті

2539
Adyrna.kz Telegram

Қазіргі күнде тек еліміз ғана емес, күллі дүние табиғат өзгерістерінің түрлі қауіп-қатерлеріне дөп келіп отыр. Ғаламдық жылыну, ауаның ластануы, құрлықтар ғана емес, теңіз-мұхиттарға дейін қоқыстардың жайылуы, сонымен қатар ойламаған жерден туындайтын түрлі төтенше жағдайлар сала мамандарының бас ауруына айналуда.

Өткен жылы ғана Break Free From Plastic қозғалысы 2019 жылы бүкіл планетаны пластикпен ластаған брендтердің рейтингін жасаған екен. Рейтинг көшін Coca-Cola, Nestlé, PepsiCo компаниялары бастап тұр.

Ал, күтпеген жерден туындайтын төтенше жағдайлар жайын сөз етсек, елімізде ол саланың сақтық деңгейі қай мөлшерде? Бұл саланың мамандары Қазақстан бойынша өз қалдерінше сақтық шараларын жасап, жұрт назарын аударуда қолдан келген шараның барын жасауда.

Төтенше жағдай дегеніміздің өзі белгілі бір аумақта халықтың өмір сүруіне қауіп төндіретін табиғи құбылыстар, катастрофалар, стихиялық немесе басқаша түрде болатын апаттар арқылы, халықты материалдық шығындарға ұшыратып, олардың денсаулықтарына залал келтіретін, адам құрбандығына алып келетін жағдайлардың орын алуы. Орын алған төтенше жағдайлардың көлемі, сипаты, тудырып отырған залалдары катастрофа алдындағы жағдайлар арқылы анықталады. Сонымен қатар катастрофадан кейінгі кезең катастрофаның әлеуметтік-мәдени, экономикалық, өндірістік, психологиялық, демографиялық процестерге тигізетін деструктивті әсерлерін шын мәнінде анықтауға мүмкіндік береді.

Республиканың әр түкпірінде, әр мезгілінде туылатын түрлі өрт апаттары, су тасқыны сияқты ірі қауіптерге сай заңнамалық актілер негізінде сақтық шаралары жақсы жолға қойылған.

Елде бір ғана су тасқынының өзінен жыл сайын 300 мыңға жуық адам жапа шегеді

Осы жылдың 20-шы сәуірінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның кезекті отырысы өткен еді. Оған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, сондай-ақ, мемлекеттік органдар мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары бейнебайланыс арқылы қатысты.

Төтенше жағдайлардың қалыптасуына әлеуметтік жүйенің тигізетін әсері өте зор. Техногендік және табиғи апаттар халықтың әлеуметтік жағдайын қиындатып, оларды саяси іс-әрекеттерге итермелейді. Әлеуметтік көңіл-күйдің қоғамда бекітілген стандарттарға сай болмауы мемлекеттің саяси қауіпсіздігіне де нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан да мемлекет төтенше жағдайларда халықтың көңіл-күйін әлеуметтік шиеленістер деңгейіне жеткізбей әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге әрдайым дайын болуы тиіс.

Қазақстандағы төтенше жағдайға байланысты «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ ғалымдары Facebook, Instagram, Telegram және басқа интернет-ресурстар арқылы фермерлерге қашықтықтан консультациялар ұйымдастырған. 30 наурыздан бастап «ҰАҒБО» КеАҚ-ның, ҚазҰАУ және ауыл шаруашылығы және өсімдік шаруашылығы, мақта шаруашылығы, жеміс-жидек, күріш, мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесіп 55 мың фермерге 7 онлайн-кеңес өткізген.

Қазақстан географиялық  ерекшеліктері мен ландшафтарына қарай бірқатар табиғи апат қауіп төндіреді. Дүниежүзілік банк мамандары халықаралық тәжірибе негізінде ел басшылығына қауіп-қатерлерді төмендетуге инвестиция құюды ұсынып отыр. Аталмыш болжамдар қалай жасалады және табиғи апаттардың алдын-алу үшін қанша қаржы қажет?

Осы мәселелерге қатысты сұрақтарға Дүниежүзілік банктің  Орталық Азиядағы  табиғи апаттарды басқару жөніндегі маманы Ко Такеучи жауап берген еді.

Жыл сайын Жер сілкінісінен 200 мың адам зардап шегеді, ал Жер сілкінісінен келетін залал Қазақстанның жалпы ішкі өніміне 1 миллиард долларға дейін зиян келтіруі мүмкін.

Маман өз пікірінде: "Қазақстанда су тасқыны да жиі болатынын көріп жүрміз. Олардың күші жойқын болмаса да, едәуір экономикалық зиян келеді. Мәселен, 2005 жылы су тасқыны 7,6 миллион доллар,  2008 жылы 100 миллион доллар, 2010 жылы 40 миллион доллар шығын әкеліп,  40 адамның өмірін қиды. Жалпы, Қазақстанда  бір ғана су тасқынының өзінен жыл сайын 300 мыңға жуық адам жапа шегеді, ал ЖІӨ-ге үш миллиард доллар шығын келтіреді", - деген болатын.

Атам қазақта «Сақтықта қорлық жоқ» деген аталы сөз бар. Жоғарыда аталған түрлі қауіптердің алдын алу шараларымен қоса барша қазақстандықтарды ондай жағдай туындағанда сақтанудың амалдарын біле жүргені абзал.

 

Ұларбек Дәлейұлы

Сурет ашық дереккөзден

Пікірлер