Желтоқсанның 9 күні Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік жоспарлау жүйесін қайта құру әдістері, макроэкономикалық саясат, әлеуметтік саланы дамыту, экономиканы әртараптандыру және бизнесті реттеу, сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде сөз қозғалды. Ол туралы консультативтік комитеттердің жетекшілері баяндама жасады деп хабарлайды Akorda.kz.
Аталған кеңесте Президент цифрландыруды жеделдетіп, құжаттар мен мемлекеттік бағдарламалардың барлық иерархиясын талдауға тапсырма берді. Сондай-ақ, ірі реформаларға, атап айтқанда, әлеуметтік кодекстің дамуына, «Цифрлық Қазақстан», «ҚХА-2025» жобаларына ерекше назар аударуды тапсырды.
-Тәуелсіздік жылдарында көптеген бағдарлама жасалды. Оның біразы күшін жойды, жаңа бағдарламалар мен құжаттар пайда болуда. Олардың бәрін сатылы түрде жүйелеп, қажет еместерінен арылу керек. Жоспарлаудың атқарушыларға және халыққа мейлінше түсінікті әрі ашық жүйесін жасаған жөн,-деп атап өтті Президент.
Президент сот және құқық қорғау жүйелерін реформалау мәселесіне де назар аударды. Оның пікірінше, сот және құқық қорғау қызметіне озық IT-технологияны енгізу және цифрландыру жұмыстарын жалғастыру керек.
- Бізге жүйелі, соның ішінде, кадрлық сипаттағы шаралар қабылдау керек. Жоғарғы Соттың судьясы немесе облыстық соттардың төрағасы болсын судья лауазымына тағайындаған кезде, ең алдымен, судьялар корпусының өзінде үлкен мәселе туындайды. Олар бір-бірін кәсіби біліксіз, жеке және басқа да байланыстарын пайдаланады деп кінәлайды. Осы тиімсіз тенденцияларды біржола жою қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Президент мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі шынымен де «клиентке бағдарланған» болуы керек деп атап көрсетті. Ал басты клиент – бұл Қазақстан азаматтары.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің 2021 жылға арналған жұмыс жоспары және консультативтік комитеттердің құрамы бекітілді.
Д. Арғынгелді,
Akorda.kz көмегімен дайындалды