Аркадаш/арқалас: Далалық адал достық

12915
Adyrna.kz Telegram

Достық ұғымы әр дәуірде, әр қоғамда түрліше көрініс береді. Оның қалыптасуы да, ұғынылуы да түрліше болатыны сөзсіз. Бұл ұғымның бізді қызықтырған тұсы бұдан 2-3 мың жыл бұрынғы қалыптасқан аттылар мәдениетіндегі достық көрінісі. Әрине, бұл турасында нақты дерек көзі әзір табыла қоймады. Дегенмен, қолға түскен ежелгі скиф-сақ жәдігерлерінің өзі біраз нәрсені аңғартып отыр. Осыларға үңіле, зерделей отырып, кейбір жайттарды аңғаруға әбден болады. Бұл жәдігерлерді жинақтай келе әрі зерделей отырып, бұлардың біртұтас эпопеяға бергісіз мәнін аңғардық.

Мәселен, тарих пен археологияға мәлім мына екі сарбаздың бейнесі бірі үшін бірі жан беретін достыққа тән бейнелеу өнеріндегі бұлтартпас көрініс екені сөзсіз.

Бұл сурет ежелгі аттылар қоғамындағы достықтың үлгісіне арналған өнер туындысы. Кім білсін, бұл бір бірі үшін жан беру деңгейіне жеткен сарбаздардың достық тұжырымының үлгісі ме, әлде әлдебір жырдың бейнеленген үлгісі ме, қайткенде де жүрек тебірентер көрініс! Нағыз эпопея!

Ежелгі көшермен халықтарға тән бұл зергерлік бұйым есімізге османлы түріктердің қолданысындағы «аркадаш» ұғымын еске түсіреді. Аркадаш - арқалас деген сөз. Яғни ежелгі сақтекті әскери жұрт майданда әрбір жұптан біртұтас кентавр-жауынгер әзірлеген. Екі жауынгер бір біріне арқасын беріп, әрқайсысы көз алдындағы 180 градустық алаңды бақылауға алғанда, екеуі бірігіп, 360 градус айналаны қамтыған! Сонда әрбір жауынгерде 4 көз, 4 қол болғандай тиімділік пайда болған. Артынан да, алдынан да келген жау ала алмайды, өйткені оның артында дәл сондай жауынгер қарсы тұр.
Бұл арқаластар бір бірімен бірігіп, біте қайнасып кететін жандарға айналған. Содан келіп «арқалас» ұғымы бір біріне жан беретін достық деңгейіне көтерілген. Себебі, бұлардың бірі өлсе, екіншісі де соның жолын құшатыны мәлім.

Арқаластар егіз туған адамдардай ғұмыр бойы жұптасатын жағдайы аз болмаған. Олар ішіп-жесе де, тойласа да, соғысса екібастан, егіздердей бірге жасаған. Бұл жағдай скиф-сақ мәдениетіндегі арқаластардың кейпін толыққанды танытады. Олардың мықтылығы осындай достық бірліктің әбден жымдасуында болса керек.Олар соғыста бірге шайқасып, бір ыдыстан тамақ жеп, шарапты да бірге ішкен. Өйткені, олар біріккенде ешбір жау ала алмастай еді.Басқа ешкімге сенбестей болатын.

Мына бір қазанды айналдыра салған бедерде арқаластар бір бірін емдеп те жатыр. Суретке қарағанда, арқаластың бірі қақсаған тісін жұптасына жұлдырып жатқан сыңай байқалады. Құдды бір, егіз туған жандардай, бірінің жанына батқан жайт екіншісіне де батып, содан екеулеп құтылуды қолға алғанын қараңызшы.

Ал мына алтын бедерде, аяғынан жараланған сарбаз өзінің арқаласының көмегімен жарасын таңуда. Не деген жанашырлық, не деген руханги тұтастық! Бұл сурет аттылар әскерінің басы артық құрылым ұстамағанын көрсетеді. Мәселен, отырық мәдениетке тән, әскери құрылымдардың арнайы дәрігерлік бөлімшелері бұларға тән емес. Атты әскерт өз жарасын өзі таңып, ешкімге масылдық танытпаған. Және де бұндай форс-мажор сарбаздардың өзара тумаластық, жұптасу құрылымы негізінде шешімін тапқандығы айқын.

Ал енді мына алтын бұйым екі сақ сарбазының бірігіп киім тазалап, жөндеп жатқанына куәлік іспетті. Бұл кәзіргі армияға сөз жоқ өнеге болған мысал. Бұл суреттен тағы да «арқалас» екі сарбаздың әрекетін көреміз. Олар бір біріне қамқор және сол жұптастығына екеуі де дән риза қалпы. Екеуі де шаруасын тындыра отырып, әлдебір тақырыпты қызу талқылап отыр.

Барлық шаруасы біткен, жағасы жайлаудағы мына екеу әңгіменің көрігін қыздыруда. Бірігіп әлдебір мәселені талқылап отырғандай. Біреуі мұқият тыңдауда, екіншісі сойылына сүйенген күйі өз мәселесінің тиегін ағытып отыр.

Мына бір суретте қосарлана шауып садақпен оқ боратқан арқаластардың қимылын тағы да үйлесімді бейнелеген. Оларға ерген иттерінің жүгірістері де үйлесімді. Аттылар мәдениеті үйлесімнің барынша татымды мысалын, екітүсті бір біріне кіріккен ою арқылы береді. Бұл жолы да екі арқалас осы үйлесімнің дуэті іспетті: екеуінің атқа отырысы да, ерген иттері де, садақ тартыстары да синхронмен әдіптелген, тек қана олардың үстіндегі киім мен иттер ғана екі түрлі түспен берілген. Бұл екі түс – бір бірін толықтыратын диалект.

Ежелгі аттылы мәдениеттің маңызды сипатының бірін байқататын мына бір панорама тұтас бір жоралғыны/ритуалды бейнелейді: жұп сарбаз анттасып, «арқалас» аталатын достықты місе тұтпастан, қандарын жебемен ағызып, оны зеренге араластыра отырып ішпек. Анда болу дегеніміз осы! Бұл ғұрыптан соң бұлар бұрынғыдай арқалас ғана емес, қандас болып шығады. Ежелгі нұсқасы – анда! Яғни тумыстан егіз болмаса да, туылмай егіз ету шешімін көшермен халық әу бастан өзіне өнеге еткені тағы да мәлім болып отыр. Демек, достық ұғымы аттылы әлемде «арқалас» бола жүріп шайқасумен бітпейді, бұлар анттасу арқылы енді достықтарын туыстық деңгейге жеткізеді. Бұл андалық - арқалас достықтың шыңы болған.

Қазан қапталына бедерленген мына суреттер де сол жұптастықты түрлі позада жалғастыруда. Бұлардың отырыстарына қарағанда, екі арқалас та шау тартып, қартайғаны байқалады. Денелері ірі, сақалдары қауғалана түскен, қаһарлы, айбарлы, нағыз егде батырлардың кейпі.

Күні кешеге дейін жалғасқан аттылар әлемі көшермен өмір салтын енгізумен бірге, өзінің өнегесі мен машығын, салтын ешқашан үзген емес. Далалық өмір салттың бір құндылығы сол – отырық өмір үлгісіне қарағанда, ғұрып пен салтқа барынша берік әрі оны сабақтастыра өрбітеді. Мына суреттен бұдан 20-30 ғасыр бұрынғы арқаластық дәстүрін қазақ батырлары да жалғастырғаны даусыз. Мына суретте қос батыр бір бірімен қол мен аяқты айқастыра отырып, әлдебір ежелгі жоралғымен достық үшін анттасып тұр. Бұл бейне екі жанның бірігіп бір тұлғаға айналғанын аңғартатын көрініс! Бұлар бір жағынан  анттасып анда болып, екінші жағынан серттескен дос болуда.

Далалық өркениеттің құндылығы болып табылатын арқаластық ұғымы бертін келе басқаша аталғанымен, мәні мен мазмұны сол күйі жалғасып келді. Бұны кешегі өткен қос батыр Махамбет-Исатай дуэтінен де байқаймыз. Әрине, тарихта мұның жүздеген мысалы бар.

Басын кемі бірнеше мыңжылдықтан алатын далалық адал достықтың құндылығы дегеніміз – осы!

Қазақтағы достық ұғымы бір бүтінді құрау ретінде қабылданған. Басқаша айтқанда бүтіннің жары/жартысы болу түсінігі бүгінде жұбай-зайып қатынасында «жар» сөзімен сақталған. Некетойдың басты ғұрпының бірі жастардың «жар-жар» айтуы осы өмірлік достық қатынасын паш ету болмақ.

Сондай-ақ «Тәңірім жар болсын!» тұжырымында Жаратқанның дос болуын тілеу жатыр. Мұнымен атты мәдениет Жаратқан мен жаратынды қатынасын ерекше деңгейде ұстанған: бұл екеуді қожайын мен құл қатынасында емес, арқаластық-достық қатынасында қабылдаған. Достың досқа адалдығы мен пәк қатынасын ескерсек, одан артық Жаратқан-жаратынды арасындағы қатынастың жақындығы болуы тіпті де мүмкін емес! Демек, адам мен Жаратқан арасындағы қатынас көшермендік мәдениетте мүлдем басқа ракурспен қаорастырылған шешім ретінде ерекше құндылық деңгейіне жеткен.

Әрі-беріден соң қазақ тіліндегі тіреніш ұғымын білдіретін «бәленшенің арқасында» тіркесі де, осы ежелден сіңген арқаластық-достық-сүйеніш ұғымының лингвистикалық көрінісі.

Арқаластар арасында да, жұбайлар арасында да, Жаратқан-жаратынды арасындағы осы қатынасты да достық деңгейіндегі рухани құндылық деп есептеуге әбден болады.

Серік Ерғали, мәдениеттанушы

“Адырна” ұлттық порталы

Нұр-Сұлтан. 2020 ж

 

Пікірлер