Назарбаев көшесі бос қалды

4522
Adyrna.kz Telegram

Он жылдан астам уақыт бойы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ есімімен аталған Арменияның Ширак облысы, Артик ауданы, Арич ауылындағы көше атаусыз қалды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттық радиосына сілтеме жасап.

"Назарбаев Арменияға келмеді"

Арич ауылы әкімшілігінің басшысы Роланд Назаретянның айтуынша, Назарбаев көшесінің атауын өзгерту туралы шешім өткен аптада ауыл ақсақалдары кеңесінің отырысында қабылданған.

— Біз дұрыс әрекет жасадық деп ойлаймыз. Себебі Назарбаев Арменияға келгемеді. Ол: "әзірбайжандар – біздің бауырымыз, армяндар оларды өлтірді", - деді. Бұл нені білдіреді? - деп ауыл басшысы сұрақ қояды.

Жақында Таулы Қарабақ аймағындағы қақтығыстар кезінде Қазақстан Президенті Армения мен Әзірбайжанды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге шақырды. Назаретян айтқан мәлімдеме болмаған еді.

Бірнеше күн бұрын Арич ауылында "Назарбаев көшесі"деген белгі алынып тасталды. Көшеге жаңа атау әлі берілген жоқ.

- Атаулардың төрт-бес нұсқасы бар. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ, - дейді Роланд Назаретян.

Арич ауылында Назарбаев атындағы көшеден басқа, жергілікті кітапханада оған арналған бұрыш бар. Назаретян бұрышқа қол тигізбегенін, бірақ қабырғадан Назарбаевтың үлкен портретін алып тастады дейді.

Арич ауылының тұрғыны Тигран Манвелянның айтуынша, Таулы Қарабақ салдарынан Әзірбайжан мен Армения арасындағы қақтығыс жақында шиеленісіп, осы оқиғаларға байланысты Қазақстан тарапынан айтылған мәлімдемелерден кейін ауыл тұрғындары қатты ашуланған. Жоғарыдан Назарбаев көшесінің атауын өзгерту туралы нұсқау келіп түсті және ақсақалдар кеңесі тиісті шешім қабылдаған.

- Шынымды айтсам, біздің әкімшілік барынша қарсы тұрды. Бірақ сіз білесіз бе, бұл мүмкін болмады. Өйткені жоғарыдан олар қатты қысым жасап, талап етті. Міндетті түрде басқа есім емес, біздің құрметті Назарбаевтың есімін алып тастау керек болды. Ауыл тұрғындары да бұған қатты ашуланды. Себебі бұл соғыста (Таулы Қарабахтағы қарулы қақтығыс - Ред.) жастар шейіт болды, - дейді Тигран Манвелян.

Қазақстан елшілігі не дейді?

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Арич ауылында Назарбаев атындағы көше 1995 жылы екі халық арасындағы достық қарым-қатынас құрметіне ашылған. Қазақстанның Армениядағы Елшілігінің бастамасымен 2011 жылы ауылдық кітапханада Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған бұрыш ашылды. Бұған дейін Азаттық Қазақстан Елшілігі жергілікті кітапханаға жылына бірнеше рет сыйлықтар беретінін жазған болатын.

Дегенмен, Қазақстанның Армениядағы елшілігінің өкілдері Аричта "Назарбаев көшесі ресми түрде мүлде жоқ" деп отыр.

- Ресми түрде ол жерде (Арич ауылында – Ред.) мұндай көше жоқ. Ауыл тұрғындары өздері көшенің аты жазылған тақтайшаны іліп қойған, - дейді елшілік өкілі Әскер Киіков.

Алайда Арич ауылы әкімшілігінің басшысы Роланд Назаретян көшеге Назарбаевтың есімін беру туралы арнайы шешім болғанын айтады.

Назарбаев атындағы көше атауының күшін жоюға 8 сәуірде Ереванда өткізу белгіленген ЕЭОКО-ға қатысушы мемлекеттердің премьер-министрлерінің үкіметаралық кеңесі отырысының бұзылуы себеп болды. Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов осы саммитті Мәскеуде өткізуді ұсынып, Ереванға барудан бас тартқаннан кейін отырыс тоқтатылған. Армения Таулы Қарабақ төңірегіндегі қақтығыстың кезекті шиеленісуі барысында Әзербайжанды қолдау үшін Қазақстан Ереванда ЕЭОКО саммитін өткізуге қарсы шықты деп есептеді.

Арич армян ауылындағы көше Назарбаевтың есімімен бірінші болып аталмаған. Өткен жылы Татарстан астанасы Қазанда Эсперанто көшесі жергілікті тұрғындардың наразылығына қарамастан Назарбаев атындағы көше болып өзгертілді. Сондай-ақ былтыр Түркияда Адан қаласында Назарбаев атындағы көше пайда болды. Бұл –  Түркиядағы Назарбаев атындағы төртінші көше. Бірақ армян ауылындағы көше Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жоғалып кеткен алғашқы көше болды.

Автор: Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

Орыс тілінен аударып, дайындаған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер