Қазақстан экономикасына үлкен салмақ түсіп жатыр – Елбасы

3930
Adyrna.kz Telegram

Елбасының төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы elbasy.kz-ке сілтеме жасап.

Жиында пандемия кезінде отандық өндірушілерді қолдау шаралары және «Самұрық-Қазына» қорын инвестициялық холдингке айналдыру мәселесі қаралды.

– Біздің бүгінгі жиынымыз күрделі кезеңде өтіп отыр. Алпауыт елдер арасындағы бәсекелестік пен текетірес күшейіп барады. Қазақстан экономикасына үлкен салмақ түсуде. Сонымен бірге бұл жаңа экономикалық модель қалыптастыру үшін қажетті реформалар жүргізу мүмкіндігі, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорды қайта құру мәселесін талқылау барысында тиімсіз инвестицияларды қысқартып, табысы жоғары инвестицияларға ауыстырудың маңыздылығын атап өтті.

– Біз негізгі мақсаттарды Қордың 2028 жылға дейінгі жаңартылған даму стратегиясында айқындадық. Ең бастысы – таяу мерзімде «Самұрық-Қазына» қорының жұмысын жаңа форматқа көшіріп, жетекші тәуелсіз әл-ауқат қорлары сияқты инвестхолдинге айналдыру. Бізге Қордың портфеліндегі активтерді географиясы мен саласына қарай әртараптандыру керек. Тиімсіз инвестициялардан арылып, оларды барынша табыс әкелетін инвестицияға ауыстыру қажет. Бұл дивидендтердің өсуі есебінен бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері Қорды инвестициялық холдингке айналдырудың тұжырымдамасын мақұлдады. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасына пандемия кезінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыруды тапсырды.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер