Тазабеков: «Сауд Арабиясында 6-8 ай тұрып келдім»

3397
Adyrna.kz Telegram

 «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабеков 3 қараша күні Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ғұламалар кеңесінің отырысына қатысыпты. Осы жиналыстың Мұхамеджан мырзаға пайдасы мол болған секілді. Жиналыс барысында және жиналыстан кейін қоғамдық талқыға тұздық болған екі мәлімдеме жасады деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Abai.kz порталына сілтеме жасап.

Мұның біріншісін кеше жарияладық. Тазабеков «Facebook» желісіндегі парақшасында «Асыл арнаның» жабылатынын мәлімдеді. Осы уақытқа дейін толық діни контентпен айналысып келген арна енді «Тәлімтв» деген жаңа атпен әлеуметтік - отбасылық, ғылыми - танымдық, мәдени - ағартушылық бағытта қызметін жалғастырады екен.

«Асыл арнаның» жабылу себебін Тазабеков Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан діни уағыз-насихат жүргізетін «Халық арна» атты жаңа телеарна ашылуымен түсіндірді. Өзінің айтуынша, діни уағызбен діни басқарма толықтай өздері айналысқанын жөн көріпті.

Бұл Тазабековтың жиналыстан кейінігі мәлімдемесі. Ал жиналыс барысындағы ағынан жарылып, діни ұстанымы жайлы өз шындығын айтқан әңгімесі бүгін жарияланды. Мұхамеджанның сөзін тыңдаған көпшілік тағы да қызу талқыға салып жатыр. Бірақ пікір білдірушілердің ойы екіұшты.

Бірі оның «тура жолға» түскеніне қуанып жаста, екінші бір тобы Тазабековтың сөзіне сәл сенімсіздік танытуда. Мұхамеджанның өз діни ұстанымы жайлы ашық айтып, көзқарасын өзгерткенін дұрыс деп санайтын пікірді дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы жеке парақшасында жариялады. Бірақ Матуриди ақидасын анық ұстағанын дәлелдеу үшін көп жұмыс істеп, бөтен ағымда жүрген жандарды тура жолға шақыруды ұсынды.

Қайрат Жолдыбайұлы, дінтанушы:

- Жаңа ақидаң құтты болсын, Мұхаммеджан бауырым!

«Бұған дейін сәләфи жолындағы жігіттермен аралас-құралас болғаным рас. Матуриди ақидасына қатысты кейбір күмәнім болатын. Алайда, соңғы жылдары оның ең дұрыс сенім екеніне, ата-бабамыз ұстанған жол екеніне көзім жете бастады. Жүрегімдегі ең соңғы күмәндарымның сейіліп, Матуриди ақидасына толық бет бұруыма Наурызбай хазрет себепші болды. Ал таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта екеніне көзім жетті» М. Тазабеков.

Кейбір азаматтар Мұхаммеджан бауырымның жаңа ақидасына қатысты «бұл да көзбояшылық, тақиялық тәсіл» деп күмәнмен қарап жатыр екен. Күмәндары орынды. Осы тұста Мұхаммеджан бауырыма бұл күдікті кетірудің оп-оңай жолын айтайын. Айналаңдағы тығыз қарым-қатынаста жүрген сәлафи ақидасындағы адамдарды өзіңіз жиырма жылға жуық уақыттан кейін дұрыстығына әбден көз жеткізген Мәтуруди ақидасына қайтару үшін тер төгіп, аянбай еңбек етсең, бәрі өз қалпына келеді. Әсіресе, өзіңіздің неліктен мәтурудилікке қайтқаныңызды, сәлафилік ақидадағы өмірлік тарихыңызды айтсаңыз әсерлі болатындығында күмән жоқ. Бұған сіздің шешен тіліңіз де, ақыл-парасат, әдіс-тәсіліңіз де жетеді деп ойлаймын. Солардың бір-бірлеп мәтуруди ақидасына қайтқаны жайлы хабарды естіген сайын қазақ қоғамы қуанышқа бөленіп, өзіңе көл-көсір алғысын жаудырар еді. Оның үстіне кезінде сәлефилікке өтуіне өзіңіз ат салысқан адасқан жандарды тура жолға салу үшін аянбай еңбек етуіңіз ең әуелі бұл діни де, адами да парызың.

«Таухидті ұстанамыз дейтін сәләфи жолындағы жігіттердің айтып жүргені таза секта» деп өзіңіз баға берген шатасқан ағайындарды жинап немесе бір-бірлеп арнайы ұмраға, қажылыққа апарайық. Қайрат Құрманбай, Ерсін Әміре, Еркінбек Шоқай, Бауыржан Әлиұлы сынды білімді азаматтарды бірге апарып, адасқандардың ақидасын өзгертейік. Осылай жасасаңыз ғана сөз бен іс үйлеседі де, қоғамда ешбір күмәнға орын қалмайды. Жұрт не десе де, шынайылық түбінде жеңіске жетеді.

Бұл ұсынысымды есіңізде болса, 2013 жылы Әзірет Сұлтан мешітіне келіп, «Қайреке, елге бірге қызмет жасайық» деген кезіңізде өзіңізге "шарт" ретінде де айтқан болатынмын.

Сонымен, Мұхамеджан Тазабеков ҚМДБ ғұламалар кеңесінде не айтты? Діни сеніміне қатысты не мәлімдеді? 

- Ел арасында мен туралы «Мұхамеджанның ақидасы күмәнді, Матуридиге бүйрегі бұрмайды. Сауд Арабиямен қатысы бар, Дарынмен жақсы» деген секілді ақидалық мәселелер айтылып жатады. Құдайдың алдында арым таза болу үшін, екіншіден сіздерге де керек болып жатса құжат болу үшін өзімнің діни ұстаным, таным-түсінінігіме қатысты мәселені ашық айтып, мәлімдеп кеткім келіп отыр.

Кезінде ақын болдық, жүрегіміз ашық болды. Қайда барсақ халық таниды, құшағына алады, ана молда арқадан қағады, мына оқымыстының ауызына қараймыз... Өкінішке орай ол кезде діни басқарманың жемісті жұмыс істемеген кезі, әлі ғұламаларымыз қалыптаспаған. Аты шыққан уағызшыларымыз жоқ кез. Елдің бәрі Дарынды тыңдады, имамдардан Абдулла Жолдасұлын ғана білеміз.

Сөйтіп тұрған заманда Сауд Арабиясынан, Мысырдан, Пакістаннан оқып келген азаматтарға құштарлығымыз артып тұрды. Соларды тыңдадық, қасында жүрдік. Тіпті ағаларымыздың қолдауымен өзіміз барып көрейік деген оймен Сауд Арабиясына барып, 6-8 ай тұрып келдім. Бірақ, Құдай куә, мен ол елден әлде біреуді ұстаз көріп, шейхім деп танып келген жоқпын. Тіпті ол жақтағылардың мені өз топтарына тартып жатқанын да сезбеппін. Енді ойласам, сол кезде мені бір топ мына жаққа, бір топ ана жаққа тартып жүрген екен. Күндіз-түні менімен жұмыс жасағандардың осындай мақсатын сезбеген күйі елге қайтып келіппін.

Бірақ қажылық кезінде бізді алғаш қарсы алған Дидар секілді жігіттер жақын болып қалды. Өйткені көзімізді ашып көргеніміз солар болды. Сөйтіп, сол вариантпен ғана жүрдік, ақиқат осы екен, осы дұрыс екен деп ойладық. Кейін кемелдене келе, діни басқарманың ғұламаларын және басқа нұсқаларды тыңдағаннан кейін (алғашқыларға) күмән келіп, алыстай бастадық.

Бірақ кілең жас балалар Матуридиді бір жаққа сырып тастап, қазақ даласының барлық құндылықтарын жоққа шығарып жатқан мәселелерді қолдап кетпесек те, «а, солай ма екен» деп жүрген кезіміз болды. Сөйтіп жүргенде ақын ретінде біреу сұхбат алады, біреу жай сұрайды, кездесуде боламыз, бірақ оның (діннің) шекарасын да білмейміз, жауапкершілігін де білмейміз, шалқып шабытпен, шығармашылық көңілмен сөйлеп жүрген кездеріміз болды.

Жасыратыны жоқ, кейін ұстаздармен сөйлестік, тыңдадық «Матуриди кім, шынымен адасқан ба, шынымен тозаққа бара жатырмыз ба» деген сұрақтарға жауап іздедік. Соңғы 7-8 жылда осы мәселені зерттеумен айналыстым. Бұл сұрақтарымның соңғы нүктесін Наурызбай қазірет қойып отыр. Өткенде осыған байланысты соңғы бір сейілмей тұрған күмәндарымды бұл кісі ақ-қарасын айтып, мен бармаған бір бұрыштар бар екен соны түсіндіріп, күмәнімді кетірді. Былайша айтқанда, Матуриди атамызға тек қаға дұға қылмай, ол менің ақидам екен, ата-бабам ақидасы екен, Абайдың, мен секілді ақын-жыршылардың ақидасы дегенге табан тіредік.

Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырмаймыз, қазіргі уақытта Дарынмен де ондай қарым-қатынасымыз жоқ. Көріп қалған жерде сәлемдескеніміз болмаса, жабысып уағыз тыңдап немесе арқасынан қағып отырған жағдаймыз жоқ. Себебі бір нәрсе анық, қазір Құдайға шүкір діни басқарманың ұстанымындағы мені толық қанағаттандыратын ұстаздар жетерлік. Ол кезде мүмкін осындай ұстаздар жоқ болған шығар, қазіргі уақытта жетеді. Сансызбай ұстаздан бастап, мешітте отырған имамдардың бәрін тыңдап жүрміз.

Сондықтан осы отырған әрқайсыңыздың менің көзқарасымда, жандүниемде төңкеріс болуына үлестеріңіз бар. Қазір мен еш қысылмай Матуриди ақидасына екенімді айта алам. Бұл сөзді әбден көзіміз жетіп, көңіліміз орныққаннан кейін айтып отырмын.

Өзін сәлафимін деп жүрген адамдардан, Ділмұрат, Халил дегендерден мендей зардап шеккен адам жоқ. «Асыл арнаға» пәтуа шығарды, арнада жұмыс істеп жүрген адамдар жұмыстан кетті, қаржы-қаражат тоқтады. Ділмұрат, Ибрагимдар менің демеушілеріме «бұлар бидағатшы, бұлар мүфтиятпен істеп жатыр» деп соларды тоқтатып тастады. Мен олардан қаржы, кадр, абырой жағынан өте көп зиян көрген адаммын. Көпшілігінің секта екеніне анық көзім жетті. Оны беттеріне де айтып жүрмін, - деді Тазабеков.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер