Таулы Қарабақ Путиннің бас ауруына айналды

2673
Adyrna.kz Telegram

АҚШ президенттігіне сайланған Джо Байденді құттықтағандардың арасында Ресей президенті Владимир Путин жоқ. Есесіне ол кеше Кавказдағы мазасыз аймақ – Таулы Қарабақ мәселесіне көп көңіл бөлді деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Азаттыққа сілтеме жасап.

Путин Францияның және Түркияның басшыларымен Таулы Қарабақтағы қақтығысты телефон арқылы талқылады. Ал Армения өткен түні даулы аймақтағы негізгі қала маңында "кескілескен ұрыс" жүрді деп хабарлады.

7 қарашадағы телефонмен болған сұхбатта Ресей президенті Владимир Путин мен Франция президенті Эммануэль Макрон Таулы Қарабақ аймағындағы этникалық армяндар мен Әзербайжан күштері арасында соғыс жүріп жатқанына және ұрысқа Сирия мен Ливиядан келген жасақтардың араласқанына алаңдаушылық білдірді. Кремль таратқан мәлімдемеде осылай делінген.

Президенттер Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Минск тобы арқылы және басқа жолдармен екі тарапқа араағайын болу әрекетін жалғастыратынын айтты. Минск тобы Таулы Қарабақ дауын шешу мақсатында 1992 жылы құрылған, оны Ресей, Франция және АҚШ бірлесіп басқарады.

Сол күні Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен сөйлесті. Ердоған Ресей басшысына Армения Әзербайжан жерінен шығып, "келіссөз үстеліне отыруы тиіс" деген пікір айтқан. Бұл мәлімдемені ресми Анкара таратты.

1990 жылдары Әзербайжаннан бөлініп шықтық деп жариялаған Таулы Қарабақ аймағында биылғы қыркүйектің соңында қақтығыс қайта басталды. Содан бері Әзербайжан күштері мен Арменияның қолдауына сүйенетін жасақтар аймақты бақылау үшін соғысып жатыр.

Алты аптаға жуық атыс салдарынан кемінде 1 мың адам қаза болды. Құрбандар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Бұл – ширек ғасырдан бері шешілмей келе жатқан конфликтінің ең қанды кезеңі болып отыр. Бірнеше рет уақытша бітімге талпыныс жасалғанымен, олар нәтиже бермеді.

Түркия сепаратистермен күресте Әзербайжанға көмектесу үшін Қарабаққа жалдамалы әскер жіберіп отыр деп айыпталады. Сарапшылардың айтуынша, Анкара ұзақтан бері Мәскеу үстемдік етіп келе жатқан келіссөз үстеліне отырғысы келеді.

Мәскеу үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына және Еуразия экономикалық одағына мүше Армения дәстүрлі одақтасты – Ресейден көмек сұрады.

Сол күні Армения Әзербайжан күштерінің Таулы Қарабақтағы басты елдімекендердің бірі Шушиді (әзербайжан тілінде Шуша) атқылағанын, оларға тойтарыс берілгенін хабарлады.

Әзербайжан қорғаныс министрі Шушаға шабуыл жасалды деген ақпарат "мүлде шындыққа жанаспайды" деді.

Төбеде орналасқан Шуша бөлінгендік деп жариялаған аймақ орталығы – Степанакертті Армения аумағымен жалғап жатқан күре жолда орналасқан. Армения аймақтың тәуелсіздігін мойындамағанымен, Қарабақтағы сепаратистердің тәуелсіздік жолындағы күресін қолдайды.

Пікірлер